Трамп: Израиль мен «Хезболла» қақтығысты тоқтатуға келісті

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Ливандағы «Хезболла» қозғалысы арасындағы әскери қимылдарды тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды qazaqtoday.info порталы ВВС-ге сілтеме жасап.

Трамптың айтуынша, ол Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен және «Хезболланың» өкілдерімен келіссөз жүргізіп, тараптарды деэскалацияға шақырған.

Оның сөзінше, келісім аясында Израиль әскерін Бейруттың оңтүстік бөлігіне енгізбеуге келіскен, ал «Хезболла» Израильге қарсы шабуылдарды тоқтатуға уәде берген.

 «Мен Биби Нетаньяхумен өте нәтижелі әңгіме өткіздім: әскерлер Бейрутқа кірмейді, жолда болған бөлімдер кері қайтарылды. Сонымен қатар, жоғары деңгейдегі өкілдер арқылы «Хезболламен» конструктивті диалог болды, олар барлық әскери әрекеттерді тоқтатуға келісті», – деп жазды Трамп өзінің Truth Social желісінде.

Сонымен қатар, ол Иранмен келіссөздер жалғасып жатқанын да атап өтті.

Бұған дейін Иранның жартылай ресми Tasnim агенттігі Тегеранның Ливандағы жағдайға байланысты АҚШ-пен делдалдар арқылы жүргізіліп жатқан байланыстарды тоқтатуы мүмкін екенін хабарлаған еді.

Фото: The Washington Post via Getty Images

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика