«Емделуге уақыт таппадым»: Танымал мектеп директоры ауруханаға түсті

Мектеп директоры әрі әлеуметтік желіде танымал ұстаз Ақмоншақ Нұртаза денсаулығына байланысты  шұғыл ауруханаға түскенін айтты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.

Ол бұл туралы Instagram парақшасында жазып, оқу жылының соңына дейін шыдай алмай ауырғанын мәлімдеді.

«Оқу жылының соңына жете алмай, ауырып қалыппын. Бірақ шүкір, жақсы дәрігерлердің қолына түстім. Сіздердің ақ тілектеріңіз бен дұғаларыңыздың арқасында тез сауығып кетемін деп сенемін», – деп жазды ол.

Ақмоншақ Нұртаза соңғы үш жылда денсаулығына жеткілікті көңіл бөле алмағанын да жасырмады. Оның айтуынша, директорлық қызметке кіріскеннен бері өзін кейінге ысырып, дәрігерге қаралуға уақыт таппай келген.

«Директор болғаныма 3 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде өзімді кейінге қалдырып, дәрігерге баруға уақыт таппадым. Үнемі жұмысты, уақытты сылтау еттім. Бірақ денсаулық күтпейді екен», – деді ұстаз.

Ұстаз оқырмандарына өз денсаулығына бейжай қарамауға кеңес берді.

«Денсаулық – бәрінен қымбат. Ауырмаңыздар. Дәрігерлерге ерекше құрмет. Біз, ұстаздар, кейде жұмысымызды қиын деп ойлаймыз, бірақ дәрігерлердің еңбегіне бас иемін. Аман болыңыздар, ақ халатты абзал жандар», – деп жазды Ақмоншақ Нұртаза.

 

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика