ТМҰ президенттері Түркістанда Ясауи кесенесінің құнды жәдігерлерімен танысты

ТМҰ президенттері Түркістанда Ясауи кесенесінің құнды жәдігерлерімен танысты

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Түркістандағы Visit Centre орталығына барды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің рухани жәдігерлерімен танысты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Мемлекет басшыларына ұлы ойшылдың өмірі мен кесене тарихына қатысты XIV-XV ғасырларға тиесілі сирек кездесетін артефакттар көрмесі ұсынылды. Бағалы экспонаттар қатарында XIV ғасырдан бері сақталған мазардың бірегей ағаш есігі бар. Есік сүйекпен, пластиналармен, алтындатылған жазулармен және куфа, сульс стиліндегі арабша мәтіндермен безендірілген.

Сондай-ақ мәртебелі меймандарға Әмір Темірдің тапсырысы бойынша жасалған қола шырағдандар, XV ғасырдағы аспалы қола шамдалдар және айдаһар бейнесімен әшекейленген екі мүйізді шырағдандар көрсетілді.

Экспозицияның ерекше сәулеттік элементі – кесене күмбезінің ең биік ұшында орналасқан көне құбба (мыс басарық).

Ең құнды жәдігерлердің бірі – XVIII-XIX ғасырларға тән, Қожа Ахмет Ясауидің қабіртасының үстіне жабылған жапқыш (қабіржапқыш). Оның бірегей өрнегінде діни символика, геометриялық композиция және каллиграфия үйлесім тапқан. Орталық Азияның ислам мәдениетінде мұндай жапқыштар ерекше рухани құрметтің белгісі саналған.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика