Алматыға әлемге әйгілі Are You With Me, Reality және Where Are You Now хиттерінің авторы, бельгиялық диджей Lost Frequencies келді. Өнерпаз оңтүстік астанаға First Fest фестиваліне қатысу үшін арнайы келіп, қала мәдениетімен, гастрономиясымен, табиғатымен және ерекше атмосферасымен танысты, деп жазады Qazaqtoday.info.
Almaty Tourism Bureau ұйымдастырған мәдени бағдарлама аясында ол «Көк базарды» аралап, қыран құстар шоуын көрді, қымыз бен бауырсақ сияқты ұлттық тағамдардан дәм татты. Әсіресе, Алматының таулы табиғаты мен көркем көріністер музыкантқа ерекше әсер қалдырған. Ол сондай-ақ дәстүрлі әшекейлермен көмкерілген ұлттық бас киімді киіп көріп, алған әсерін Instagram және Threads желілеріне жазды.
«Қазақстанға алғаш рет келуім… Алматыда керемет уақыт өткіздім», — деп жазды музыкант қала атмосферасы мен жылы қабылдауды ерекше атап.
Lost Frequencies қатысқан First Fest фестиваліне 7000-нан астам адам жиналды. Олардың қатарында Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және өзге елдерден келген туристер болды.
Фестивальдің ең әсерлі сәттерінің бірі – өнерпаздың финалдық өнер көрсетуі болды. Lost Frequencies сахнаға алматылық FC Kairat футбол клубының жейдесімен шығып, сетінің соңын «Алматының түндерін-ай» әнімен аяқтады.
Әлем бойынша миллиондаған тыңдарманы бар музыканттың жарияланымдары Алматының туристік имиджін арттырып, қаланың халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттыра түсті.
Алматы Орталық Азиядағы оқиғалы туризм мен заманауи музыкалық мәдениеттің басты орталықтарының біріне айналып келеді. Ал 16 мамырда қалада Solana Fest фестивалі өтіп, оған Timbaland, Busta Rhymes, Nicole Scherzinger, Tyga, Flo Rida және Keri Hilson сынды әлемдік жұлдыздар қатысады. Бұл Алматыға халықаралық аудиторияның назарын тағы да аудармақ.
Фото: Алматы әкімдігі
