Көкшетау қаласында жол талғамайтын көлік жүргізушісі аула ішінде әйел адамды қағып кетті. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап, қоғамдық резонанс тудырды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Ведомство мәліметінше, көлік жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода көліктің бұрылыс кезінде жаяу жүргіншіні қалай қаққаны анық көрінеді. Желі қолданушыларының мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 9 мамыр күні болған. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.
