«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС құрылымына кіретін Жезқазған мыс балқыту зауытындағы мыс электролизі цехының катод учаскесінде заманауи желдету жүйесін орнату жобасы жүзеге асырылуда. Бастама өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыруға және қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Учаскеде электролиз үдерісі тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіледі. Өндіріс барысында жұмыс аймағында технологиялық шаң түзіледі. Сондай-ақ цехтың ыстық өндіріс санатына жататынын ескерсек, мұнда тиімді ауа алмасу жүйесінің болуы аса маңызды.
Жоба аясында 50-ден астам заманауи желдеткіш орнату қарастырылған. Жабдық ластанған әрі қызған ауаны шығарып, шаң мөлшерін азайтады, сондай-ақ ғимарат ішіндегі ауа алмасуды жақсартады.
Желдеткіштердің бір бөлігі терезе ойығына жақын жерге орналастырылған. Бұл жұмыс аймағына салқын ауаның келуін қамтамасыз етіп, тұрақты микроклимат қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоба 2026 жылдың басында бастау алды. Қазіргі таңда жабдықты монтаждау жұмысы аяқталуға жақын.
Келесі кезеңде цехтың жалпы желдету жүйесін жаңғырту көзделген. Бұл ауа алмасу тиімділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік үдерісті жаңғырту, қауіпсіздік деңгейін арттыру және еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.
t.me/kazakhmys_news
