Қазақстанда балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға басымдық беріліп келеді

Фото: Pixabay
Қазақстанда балалардың шығармашылық қабілетін дамыту соңғы жылдары мемлекеттік білім саясатының маңызды бағыттарының біріне айналды. Бүгінде ел бойынша шамамен 3,5 миллион оқушы немесе балалардың 90 пайызы қосымша білім беру бағдарламаларымен қамтылған. Оның ішінде 2,2 миллионнан астамы үйірмелер мен секцияларға тегін қатысады. Бұл мемлекет тарапынан балалардың өнерге, ғылымға, спорт пен техникалық бағыттарға ерте жастан қызығушылығын арттыруға жүйелі көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

Мамандардың айтуынша, қосымша білім беру ұйымдарының саны 2 мыңнан асып, соңғы жылдары айтарлықтай өскен. Әсіресе шығармашылық студиялар, робототехника, сурет, музыка, театр және балалар зертханалары секілді бағыттарға сұраныс артқан. 2025 жылы іске қосылған ваучерлік қаржыландыру жүйесі де бұл саланың қолжетімділігін күшейтті. Ресми мәлімет бойынша, 600 мыңнан астам бала мемлекеттік қаржы есебінен үйірмелерге қатысу мүмкіндігіне ие болған.

Сарапшылар мұндай бастамалар баланың тек бос уақытын тиімді өткізуге емес, оның ойлау көкжиегін кеңейтуге ықпал ететінін айтады. Соңғы жылдары «Оқитын мектеп» жобасы аясында кітапханалар қоры 141 миллион данаға жетіп, 8 мыңнан астам мектеп цифрлық платформаларға қосылған. Сонымен бірге 1800-ге жуық коворкинг кеңістік ашылып, оқушылардың оқу белсенділігі 26 пайызға артқан. Бұл балалардың қиялын, тілдік дағдысын және шығармашылық ойын дамытуға негіз қалайды.

Дегенмен салада шешімін күткен мәселелер де бар. Ауыл мен қала арасындағы мүмкіндік теңсіздігі әлі сақталып отыр. Ауылдық жерлерде ашылған 1200-ден астам community-орталықтарға қарамастан, ірі қалалардағыдай кең таңдау барлық жерде бірдей емес.

Сарапшылар ендігі міндет балалар шығармашылығын тек байқау мен үйірме деңгейінде қалдырмай, оны идея ойлап табу, мәселені креативті шешу дағдысына айналдыру дейді. Яғни сурет салу мен ән айту ғана емес, баланың жаңаша ойлау қабілетін қалыптастыру маңызды.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика