Испанияның Канар аралдарында британиялық туристер мінген автобус жолдан шығып, жыраға құлады. Салдарынан бір адам қаза тауып, 27 жолаушы түрлі деңгейде жарақат алды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Оқиға Гомера аралында болған. Gomera Tours компаниясына тиесілі көлік тас жолдан шығып кетіп, аударылған. Жол-көлік оқиғасынан 77 жастағы британдық азамат көз жұмды. Тағы 27 адам зардап шекті, олардың төртеуінің жағдайы ауыр екені хабарланды.
Автобус салонында жүргізуші мен Ұлыбританияның 27 азаматы, оның ішінде үш бала болғаны анықталды. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жолаушыларды аударылған көліктің ішінен шығарды.
Полиция оқиғаның себебін анықтап жатыр. Негізгі болжам – автобустың тежегіші істен шыққан. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, дәл осы жол бөлігінде бұған дейін де адам өлімімен аяқталған апат тіркелген.
Фото: Әлеуметтік желіден
