Қазіргі таңда отбасы институты әлем елдері үшін маңызды әлеуметтік тақырыптардың біріне айналды. Кей мемлекеттерде туу көрсеткіші жоғары болса, енді бірінде демографиялық төмендеу байқалады. Ал кей елдерде отбасы тұрақтылығы әлсіреп отыр. Осыған байланысты жыл сайын түрлі халықаралық рейтингтер жарияланып, отбасыға қолайлы және ең бақытты елдер анықталады.
QazaqToday.info ақпараттық порталы өткен жылдың статистикасын зерттеп көрді.
2025 жылғы мәліметтер бойынша, отбасы үшін ең қолайлы әрі бақытты елдер қатарында бес мемлекет көп бастады. Олардың қатарында — Финляндия, Дания, Исландия, Швеция және Нидерланд бар. Бұл мемлекеттерде әлеуметтік қолдау жүйесі жақсы дамыған: тегін немесе қолжетімді медицина, сапалы білім беру, ата-аналарға арналған ұзақ мерзімді демалыс және балаларға арналған инфрақұрылым кеңінен қарастырылған. Мысалы, Финляндияда денсаулық сақтау толық қолжетімді болса, Дания мен Швецияда бала тәрбиесіне мемлекет тікелей қолдау көрсетеді. Ал Нидерландта қауіпсіз орта мен ыңғайлы қалалық инфрақұрылымға басымдық берілген.
Әлеуметтанушы Айдос Сәрсенбаевтың сөзінше, Қазақстанда да отбасы саясатына ерекше мән беріліп келеді. Бүгінде елде 6,2 миллион отбасы бар, оның шамамен жартысы – балалы отбасылар. Мемлекет тарапынан 131 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Соңғы 10 жылда жетім балалар саны 54%-ға азайып, интернаттар саны қысқарды. 2025 жылдың өзінде шамамен 3000 бала отбасына орналастырылған.
Балалардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алуы және әл-ауқаты мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Соңғы жылдары осы салада бірқатар заңнамалық реформалар жүзеге асырылды.
2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында бала құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Конституцияның жаңа редакциясында отбасы, неке, ата-аналық жауапкершілік және бала мүддесін қорғау мәселелері нақты әрі күшейтілген түрде қарастырылмақ. Бұл өзгерістер отбасы институтын нығайтуға бағытталған.
Халықаралық деңгейде Қазақстан ЮНИСЕФ ұйымымен бірлесіп, балалардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды іске асырып келеді.
2025 жылғы дерек бойынша елімізде 6,9 миллион бала бар, бұл халықтың 34%-ын құрайды. Соңғы онжылдықта балалар санының 1,5 миллионға өсуі демографиялық тұрақтылықтың белгісі.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан отбасы саясаты бойынша оң динамика көрсетіп отыр, алайда әлі де жүйелі мәселелер бар.
«Қазақстанда әлеуметтік қолдау тетіктері бар, бірақ оларды өңірлер бойынша теңдей дамыту қажет. Әсіресе, ауылдық жерлерде білім мен медицина сапасын арттыру – отбасы тұрақтылығының негізгі факторы», -деді әлеуметтанушы Айдос Сәрсенбаев.
Сондай-ақ сарапшылар еңбек нарығын дамыту, жастарды жұмыспен қамту, бала күтіміне байланысты әлеуметтік демалыстарды кеңейту және психологиялық қолдау қызметтерін күшейту қажет екенін айтып келеді.
Қорытындылай келе, дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, отбасы құндылықтарын нығайту – тек әлеуметтік төлемдермен шектелмейді. Ол білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және еңбек саясатының кешенді дамуына тікелей байланысты. Қазақстанда бұл бағытта оң өзгерістер бар, ендігі міндет – осы саясатты жүйелі әрі теңгерімді түрде жүзеге асыру.
Фото: Azattyq Rýhy
