Ресейдегі эпизоотиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Қазақстан малды шұғыл вакциналауды бастайды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Көрші елдің Новосібір облысында қауіпті індеттің таралуына байланысты мал жаппай сойылып жатыр. Осыған орай Қазақстан Үкіметі шұғыл түрде вакцина сатып алу туралы шешім қабылдады.
«Біз өткен аптада Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы тиісті препараттарды шұғыл сатып алу туралы қаулыға дауыс бердік. Енді барлық мал толық вакцинацияланады. Әсіресе, шекарадағы ветеринарлық қорғанысты күшейттік. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәселемен белсенді айналысып жатыр», – деді Бозымбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейінгі брифингте.
Сонымен қатар ол Қазақстанда жануарлар арасында індет жұқтырудың елеулі деректері тіркелмегенін атап өтті.
Ақпарат үшін, Ресейдің Новосібір облысында қаңтар айынан бері пастереллез індетінің таралуына байланысты бес ауданда карантин жарияланған. Алайда жергілікті фермерлер әлеуметтік желіде бұл дерттің антибиотиктермен оңай емделетінін және малды жаппай жоюды қажет етпейтінін айтып, шағымданған болатын.
Фото: Әлеуметтік желіден
