Соңғы жылдары Қазақстанда ажырасу санының артуы мен отбасы институтының әлсіреуі туралы сын жиі айтылады. Ресми статистика да бұл мәселенің өзекті екенін көрсетіп келеді. Соған қарамастан, қоғамда отбасы құндылықтарын дәріптеу тоқтаған емес, деп жазады QazaqToday.info ақпараттық порталы.
Осы ретте халқы тығыз шоғырланған Алматы қаласының тұрғындары отбасының мәні мен маңызы туралы не ойлайды? Біз алматылықтардың пікірін тыңдап көрдік.
Отбасы – әр адамның кіші Отан
Қала тұрғындарының басым бөлігі үшін отбасы – өмірдің басты тірегі әрі рухани құндылықтардың негізі.
«Мен үшін Отан отбасынан бастау алады. Кішігірім Отаным – ол менің жанұям», – дейді алматылық Қуаныш Байтақов.
Бұл пікір көпшілікке ортақ көзқарасты көрсетеді. Яғни, отбасы – адамды алға жетелейтін, қолдау мен сенім сыйлайтын орта. Жастар үшін – эмоция мен бірге өткізілген уақыт маңызды.
Жас буын өкілдері отбасы құндылығын көбіне эмоциямен және естелікпен байланыстырады. Олар үшін жақындарымен бірге уақыт өткізу – басты байлық.
«Отбасы құндылығы деген – жақын достарым, ата-анаммен әлемді аралау, қалада серуендеп, достармен қыдыру», – дейді Анна есімді бойжеткен.
Бұл жастар арасында отбасы ұғымы тек дәстүрлі түсінікпен шектелмей, өмір сапасымен тығыз байланысты екенін аңғартады. Үлкен буын үшін – тыныштық пен сабақтастық. Ал аға буын өкілдері үшін отбасы – тұрақтылық пен ұрпақ жалғастығының белгісі.
«Отбасы – барлық бақыттың бастауы. Немерелерімнің жанында жүру, бейбіт өмір сүру, елдің тыныштығы – мен үшін ең маңыздысы», – дейді қала тұрғыны Полина.
Олардың пікірінше, отбасы – тек жеке бақыт емес, қоғамдағы тұрақтылықтың да кепілі.
Сүйіспеншілік пен түсіністік – басты құндылық
Көпбалалы аналардың бірі Нұргүлдің айтуынша, отбасының беріктігі ең алдымен өзара түсіністік пен жылулыққа байланысты.
«Махаббатқа толы, бір-бірімізді түсініп, жылулық бар жерде өмір сүру – отбасы құндылығы. Балаларымыздың болуы – біздің жанұямыздың басты бақыты», – дейді ол.
Бұл сөздер отбасының негізі материалдық емес, рухани құндылықтарда жатқанын тағы бір дәлелдейді. Қоғамда отбасы құндылығы әлі де жоғары
17 наурыз – Наурызнама онкүндігі аясында елімізде Отбасы күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке отбасы институтының маңызын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, елімізде үлгілі отбасыларды дәріптейтін түрлі жобалар мен байқаулар ұйымдастырылып келеді. Мұндай бастамалар қоғамда отбасы құндылықтарын нығайтуға және жас ұрпақты тәрбиелеуге оң әсерін тигізуде.
Алматы тұрғындарының өмірлік тәжірибесі мен көзқарастары әртүрлі болғанымен, оларды біріктіретін ортақ құндылық бар – ол отбасы. Қала тұрғындарының айтуынша, отбасы – адамға күш беретін, шабыт сыйлайтын және өмірдің мәнін айқындайтын басты тірек. Сондықтан қандай өзгерістер болса да, отбасының қоғамдағы орны әрдайым жоғары болып қала бермек.
Коллаж: Алматы әкімдігі
