Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киік санының шамадан тыс көбеюі ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтіріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жануарларды «қырып жатыр» деген сөздерді қолдану дұрыс емес, мәселенің түп негізі — адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Министрдің сөзінше, мемлекет соңғы жылдары киік популяциясын сақтауға және көбейтуге үлкен қаржы жұмсаған. Алайда соның нәтижесінде бүгінде кері әсер байқалып, жаңа проблема туындаған. Қазіргі таңда киік саны шамамен 5 миллионға жеткен.
Оның айтуынша, киік — өте тез көбейетін жануар. Орташа төлдеу көрсеткіші шамамен 40 пайызды құрайды, ал өмір сүру ұзақтығы 4–5 жыл болғанымен, көбею қарқыны жоғары. Осыған байланысты олардың саны қысқа уақыт ішінде бірнеше есе артып кеткен.
Министр бұл жағдай ауыл шаруашылығына тікелей әсер етіп жатқанын айтты. Егістікке зиян келіп, шаруалар шығынға батуда. Сондықтан бұл мәселе тек экология емес, сонымен қатар елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де қатысты.
Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, жабайы жануарлардың шамадан тыс көбеюі әлемнің басқа елдерінде де кездеседі. Мысалы, Африка мемлекеттерінде пілдер саны көбейіп, ауыл шаруашылығына зиян келтіріп отырған жағдайлар бар. Осы себепті киік санын реттеу мәселесі халықаралық тәжірибеде де қолданылатын қалыпты шара екенін айтты.
Министр бұл мәселе CITES халықаралық конвенциясының Самарқандта өткен отырысында да талқыланғанын атап өтті. Оның сөзінше, табиғатты қорғау мен ауыл шаруашылығын сақтау арасындағы тепе-теңдікті сақтау — қазір ең күрделі міндеттердің бірі.
