Фото: od.org.ua
Украинада кәмелетке толмағандардың некеге тұру тәртібін өзгерту көзделіп отыр. Елде белгілі бір жағдайларда 14 жастан бастап некеге тіркелуге мүмкіндік беретін норма енгізу ұсынылды. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Ақпаратқа сәйкес, мұндай ереже жаңа Азаматтық кодекс жобасына енгізілген. Құжат алдағы уақытта Украинаның Жоғарғы радасының қарауына ұсынылуы мүмкін. Жобаға сәйкес, некеге тұрудың жалпы жасы бұрынғыдай — ерлер мен әйелдер үшін 18 жас болып қала береді.
Алайда ерекше жағдайларда бұл шектеуден ауытқуға мүмкіндік қарастырылған. Атап айтқанда, сот шешімімен 16 жасқа толған азаматқа некеге тұру құқығы берілуі мүмкін.
Бұл шешім кәмелетке толмаған адамның мүддесіне сай келетіні дәлелденген жағдайда қабылданады. Ал әйел адамның жүкті болуы немесе баланың дүниеге келуі жағдайында сот некені 14 жастан бастап тіркеуге рұқсат бере алады. Құжатта ерте жастағы некеге автоматты түрде рұқсат беру нормасы жоқ екені нақты көрсетілген.
Яғни, барлық жағдайда тек соттың жеке шешімі негізге алынады. Қазіргі қолданыстағы украин заңнамасында 14 жастан некеге тұру мүмкіндігі қарастырылмаған. Бүгінде Украинада неке жасы – 18 жас, ал тек сот шешімімен және баланың мүддесі дәлелденген жағдайда ғана 16 жастан бастап некеге тұруға рұқсат етіледі.
