АҚШ-тың жаңа стратегиясы Таяу Шығыстағы күштер тепе-теңдігін толық өзгертіп жатыр. Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың пікірінше, сыртқы қысымға шыдамаған Иран режимі биліктен кетуі мүмкін, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Сарапшының айтуынша, Америка Құрама Штаттары Таяу Шығыстағы әскерін біртіндеп әкетіп, аймақтағы ықпалын сенімді серіктестері – Израиль мен Түркия арқылы сақтап қалуға тырысуда. Бұл аймақтағы ойыншыларға берілген нақты белгі: енді тікелей төңкерістер дәуірі аяқталып, билік пен ықпал біртіндеп қайта бөлінеді. Осы тұрғыда президент Ердоғанның Ресейден бет бұрып, америкалық бағытқа жақындауы – прагматикалық шешім.
Бұл жағдай Сириядағы биліктің өзгеруіне және әл-Шараа рөлінің күшеюіне жол ашты. Мұндай тұрақтылық АҚШ-тың күрдтердің саяси аумағын кеңейту жоспарынан іс жүзінде бас тартқанын көрсетеді. Сирияның бұлай тұрақтануы суннит-шиит қақтығысы қаупін азайтып, Түркияның аймақтағы делдал ретіндегі позициясын нығайтады.
«Иран режимі қатты күшейіп келе жатқан сыртқы қысым астында қалды. Бұрын мен режим АҚШ-Израильдің әскери-психологиялық қысымымен жұмсарып, келіссөзге келуге мәжбүр болады деп ойлайтынмын. Бірақ қазіргі жағдайға қарасақ, бұл жолы режим биліктен кететін сияқты. Алайда АҚШ Иранды тікелей тұрақсыздандыруға мүдделі емес. Вашингтонның мақсаты – Тегеранға өз шарттарын мойындату немесе билікті басқарылатын трансформацияға жеткізу. Иран режимінің әлсіздігі мен трагедиясы – прагматизмнің жоқтығында», – дейді Момынқұлов.
Саясаттанушы Ирак тәжірибесіне сүйеніп, күрдтердің хаос жағдайында ұтқанын, бірақ Сириядағы жағдайда стратегиялық қателікке ұрынғанын атап өтті. Олар әл-Шараа режимінің тез құлайтынына үміт артып, орындалмайтын талаптар қойды. «Біз радикалдардан гөрі зайырлымыз» деген уәждері жұмыс істемеді, өйткені АҚШ үшін стратегиялық мүдделер идеологиядан әлдеқайда маңызды.
Бұл үлкен өзгерістерге Сауд Арабиясының сыртқы саясаттағы бетбұрысы да әсер етіп отыр. Эр-Рияд Анкарамен бірлесіп, Иранның әлсіреуінен пайда болған бос орынды толтыруға ұмтылуда. Нәтижесінде аймақта екі жаңа блок қалыптасып келеді:
Бірінші блок – Израиль, БАӘ, Иордания, АҚШ және Үндістан. Олар экономикалық және көлік дәліздерін құруды көздейді.
Екінші блок – Түркия-Қатар одағына қосылған Сауд Арабиясы-Пәкістан альянсы. Олар аймақтағы ықпалды қайта бөлісуді мақсат етеді. Сауд Арабиясының Израильмен қарым-қатынасты жақсартудан бас тартуы оның енді анағұрлым дербес және прагматикалық саясатқа көшкенін білдіреді.
