Алдағы демалыс күндері еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады: солтүстік пен шығыста аяз күшейсе, оңтүстік пен батыста боран соғып, қалың қар жауады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
«Қазгидромет» РМК мамандарының болжамынша, демалыс күндері елдің солтүстігі мен шығысы Сібірден келген ауқымды антициклонның ықпалында қалады. Осыған байланысты бұл аймақтарда аязды ауа райы сақталады.
Ал республиканың батысы мен оңтүстігіндегі ауа райын оңтүстік циклон мен онымен байланысты атмосфералық фронттар анықтайды.
«Бұл аймақтарда ауа райы қолайсыз болады: қар жауып, бұрқасын соғады, жел дауылды жылдамдыққа дейін күшейіп, көктайғақ болады», — делінген синоптиктер хабарламасында.
17-18 қаңтарда Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының кей жерлерінде қатты жауын-шашын болады деп болжанып отыр.
Жаңа аптаның басынан бастап елдің солтүстігіне, солтүстік-батысына және орталығына кезекті солтүстік-батыс циклоны ығыса бастайды. Ол өзімен бірге қар, бұрқасын және температураның біртіндеп жоғарылауын әкеледі. Сондай-ақ Қазақстанның барлық аумағында тұман түсуі мүмкін.
Фото: pexels.com
