Шымкенттегі Telegram-арналар арқылы мектептерге шабуыл жасалатыны туралы ақпарат тарап, жұртты дүрліктірді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желілерде белгісіз біреулер 16 қаңтарда қаладағы мектептерде жаппай қырғын жасайтынын айтып, қауіп төндірген. Бұл суыт хабар лезде мессенджер чаттары арқылы тарап кеткен.
Шымкент қаласының Полиция департаменті бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады. Ведомствоның хабарлауынша, бұл ақпарат – фейк, яғни шындыққа жанаспайды.
«Тұрғындарды дүрбелеңге салынбауға және тек ресми дереккөзге сенуге шақырамыз. Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауда, ал барлық білім беру нысандарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді», — деп хабарлады полиция.
Тәртіп сақшылары жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын қатаң ескертті. Тиісті тексеру жұмыстары басталды.
Фото: Әлеуметтік желіден
