Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Анкараның Иранға кез келген әскери басып кіруге үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді. Ол Иранның жүргізіп отырған саясаты үшін санкцияларға ұшырағанына қарамастан, мұндай ұстанымның халықаралық қатынастар үшін маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Фиданның айтуынша, ол ирандық әріптестерімен келіссөздер барысында Тегеранның аймақтағы елдермен арадағы келіспеушіліктерді реттеуі қажет екенін жеткізген.
«Жаһандық ядролық мәселеге келсек, Иран экономикалық қиындықтар тудыратын құрылымдық проблемаларды жою үшін келіспеушіліктерді дипломатиялық жолмен кідіріссіз реттеуі керек», — деді министр жергілікті және шетелдік БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Министр халықаралық оқшаулану жағдайында бірқатар экономикалық қызметтің шектелетініне назар аударды.
«Иранда халық саны көп, халқы жігерлі. Егер оларды белгілі бір нәрселерден айырсаңыз, осындай мәселелер туындайды. Мұнда экономикалық және басқа да қиындықтарға байланысты проблемалар мен режимге қарсы идеологиялық наразылық астасып жатыр. Біз бұл жерде қандай да бір сыртқы араласудың болғанын қаламаймыз», — деді түрік дипломатиясының басшысы.
Сонымен қатар Хакан Фидан АҚШ президенті Дональд Трамптың саясатын еске салды. Оның сөзінше, Трамп құрлықтағы әскерді жиі қолдануға жүгіне қоймаған.
«Иранның жетекші халықаралық ойыншылармен келіспеушіліктерін реттеп, бүкіл аймаққа таралуы мүмкін тұрақсыздық сценарийлерінің алдын алуы біздің де мүддемізге сай келеді», — деп түйіндеді министр.
Бұған дейін Reuters агенттігі еуропалық шенеуніктерге сілтеме жасап, АҚШ-тың 24 сағат ішінде Иранға соққы беруі мүмкін екенін жазған болатын. Осыдан кейін Тегеран америкалық әскерилер орналасқан көрші елдерге ескерту жасап, Вашингтон тарапынан агрессия болған жағдайда АҚШ базаларына шабуыл жасайтынын хабарлаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран демонстрацияны қатаң басып, адамдардың өліміне жол берсе, АҚШ ирандық наразыларға көмек көрсететінін бірнеше рет айтқан еді. Кейінірек ол Иранға қатысты ұстанымын жұмсартып, елде наразылардың өлімі тоқтағанын мәлімдеген.
Фото: Әлеуметтік желіден
