Алматы облысындағы жиһаз цехы жанып кетті: Отпен 25 құтқарушы күресті
Алматы облысы Қарасай ауданында ірі жиһаз цехы отқа оранды. Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ құтқарушылары жалынды сөндірді. Зардап шеккендер жоқ.
Алматы облысы Қарасай ауданындағы жиһаз цехында болған өртті ТЖМ құтқарушылары ауыздықтады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бұлақты-2 ауылында орналасқан жиһаз цехындағы өрт туралы хабарлама 112 қызметіне келіп түскен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру бөлімшелері жедел штаб құрды.
Қауіпсіздік мақсатында аумақ қоршауға алынып, нысан ток көзінен ажыратылды. Сондай-ақ жарық мұнарасының көмегімен аумақ жарықтандырылды. Құтқарушылар оттың әрі қарай таралуына жол берген жоқ.
Төтенше оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардан 25 адам және 8 техника жұмылдырылды.
