Рыбакина Брисбендегі турнирдің ширек финалына сенімді өтті

Фото: ҚТФ

Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемдік рейтингте 5-орында тұрған Елена Рыбакина Аустралияның Брисбен қаласында өтіп жатқан Brisbane International WTA 500 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы. 

Жарыста 3-ракетка ретінде тіркелген қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 25-ракеткасы, испаниялық Паула Бадоса-мен кортқа шықты. Бұған дейін қарсыластар сегіз мәрте кездесіп, жеңістер саны тең болған. Соңғы үш матчта Рыбакина басым түскен еді.

Кездесудің алғашқы партиясында Бадоса 2:0 есебімен алға шыққанымен, Елена ойын тізгінін өз қолына алып, сет тағдырын брейкпен шешті — 6:3. Екінші партияда қазақстандық теннисші бірден қарқын қосып, 3:0 есебімен алға шықты да, тағы бір брейк арқылы матчты 6:2 нәтижесімен аяқтады.

Бір сағат 23 минутқа созылған ойында Рыбакина 3 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың бесеуін тиімді пайдаланды. Ал Бадоса 6 эйс пен 1 брейкке (4 мүмкіндік) қол жеткізді.

Жартылай финал жолдамасы үшін Елена Рыбакина әлемнің 10-ракеткасы ресейлік Екатерина Александрова мен рейтингте 20-орында тұрған чехиялық Каролина Мухова арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.

Айта кетейік, бұған дейін екі жыл бұрын Елена Рыбакина дәл осы Брисбен турнирінде чемпион атанған болатын.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика