Фото: instagram.com/dinarasatzhan
Журналист, тележүргізуші әрі продюсер Динара Жанықұл (Сәтжан) актриса Айнұр Ильясованың YouTube-арнасына берген сұхбатында болашақта жасанды ұрықтандыру арқылы ана болу мүмкіндігін қарастырып жүргенін айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Сұхбат барысында Айнұр Ильясова қонағына жолдасы Жұмабек Жанықұлмен қарым-қатынасы, келіндік өмірі, отбасы, бала тәрбиесі және түрлі салаларға қатысты көзқарасы жөнінде сауалдар қойған. Әңгіме соңында ол Динара Жанықұлдан сәби сүю жоспары туралы сұрады.
«Сіз бұған дейінгі сұхбаттарыңыздың бірінде “өз адамымды жолықтырып, бала сүйгім келеді” деген едіңіз. Баян Алагөзова, Айгүл Мүкей сияқты құрбыларыңызды мысалға алсақ болады. Қазір де ана болуды жоспарлап жүрсіз бе?» – деп сұрады Айнұр Ильясова.
Бұл сұраққа әзіл мен шындықты қатар өрген Динара Жанықұл өзі кәсіби қызметінде жасанды ұрықтандыру тақырыбын талай рет қозғағанымен, бір күні бұл мәселе өзіне де қатысты болатынын ойламағанын айтты.
«Менің бала сүюімді бүкіл Қазақстан күтіп отырғандай. Көпшілік ең алдымен осыны сұрайды. Шынымды айтсам, жасанды ұрықтандыру жолын да ойлап жүргенімді жоққа шығармаймын. Әрине, тексеруден өттім, жасым да келіп қалған жоқ, өзім де бала көтере аламын. Бірақ ғылым бір орында тұрмайды, ол үнемі дамып келеді. Сондықтан белгілі бір жаста ғылымға сенген де дұрыс сияқты. Себебі мамандар эмбрионды жан-жақты зерттеп, дені сау баланы таңдауға мүмкіндік береді. Сол үшін ғылымға сенемін», – деді ол.
