Негізгі мазмұнға өту
Сенбі, 21 қараша 2026 $ 453,0↑€ 497,7↑₽ 5,54↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Ақбота Керімбекова: Шоу-бизнесте әділетсіздік бар, кәсіби әншілердің еңбегі бағаланбайды

    Ақбота Керімбекова шоу-бизнестегі әділетсіздікке шағымданып, кәсіби әншілердің еңбегі бағаланбайтынын айтты. Ол басқа мамандық таңдамағанына өкінетінін де жасырмады.

    Ақбота Керімбекова: Шоу-бизнесте әділетсіздік бар, кәсіби әншілердің еңбегі бағаланбайды

    Фото: Instagram.com/botakerim

    Танымал әнші Ақбота Керімбекова «Әңгіме бар» подкастында қазіргі шоу-бизнестегі жағдайға көңілі толмайтынын айтып, кәсіби әншілердің еңбегі ескерусіз қалып жатқанын жеткізді. Өнер иесі кейде басқа мамандық таңдамағанына өкінетінін де жасырмады.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Ақбота Керімбекованың айтуынша, бүгінде актерлер мен блогерлердің әншілікке бет бұруы қалыпты жағдайға айналған. Алайда ол жылдар бойы арнайы білім алып, сахнаға дайындалған кәсіби өнерпаздардың еңбегі лайықты бағаланбайтынына қынжылады.

    «Ер адам өз міндетін білсе, әйел өз міндетін білсе, актер өз театрындағы міндетін білсе, бәрі орынды болар еді деген ой менде. Қазір актерлердің бәрі әнші, блогерлердің бәрі әнші. Дұрыс, өнері бар шығар. Кімнің жұлдыз болғысы келмейді? Әу демейтін қазақ жоқ қой», – деді әнші.

    Өнер иесі сахнада ән айту үшін табиғи таланттың өзі жеткіліксіз екенін, кәсіби маман болу ұзақ жылдық дайындық пен еңбекті талап ететінін айтты.

    «Қаншама жыл білім аласың, мұғалімдердің ұрысқанын естіп, таяғын жеп… Өнерде оқу оңай емес. Қаншама жылың еңбекпен, біліммен өтеді. Сөйтіп, әшейін біреу келеді де, сен сахнаға шыққан кезде… Түсінесің, бірақ әділдік болмай қалған кезде налып кетемін», – деп ағынан жарылды Ақбота Керімбекова.

    Сұхбат барысында әнші бала күнінде өнер адамы болуды армандамағанын да айтты. Оның сөзінше, әкесі спорт саласында еңбек еткендіктен, өзі де кішкентайынан спортқа жақын болып өскен.

    Тіпті мектеп бітірген соң дене шынықтыру мамандығына оқуға түсуді жоспарлаған. Алайда анасының өтінішімен өнер жолын таңдаған.

    «Мен негізі еркек болып туылатын адаммын ғой. Ана баланы дүниеге әкеледі, бірақ мінез бен болмысты Алла ғана береді. Кішкентайымнан еркекшора болып өстім. Әкем ұл болады деп тілеген екен. Өзі спорт саласында болғандықтан, мені кішкентайымнан спортқа баулыды. Дене шынықтыру факультетіне түсемін деп армандадым», – деді ол.

    Әншінің айтуынша, анасы қызының өнер саласында жетістікке жеткенін қалаған. Дегенмен кейде басқа мамандық таңдамағанына өкінетінін де жасырмады.

    «Анам “Қыз баласың, мен жетпегенге сен жет” деді. Сөйтіп, өнер жолына келдім. Осындай әділетсіздіктерді көргенде, неге басқа салаға кетпедім деп ойлаймын», – деді Ақбота Керімбекова.

    Еске салайық, бұған дейін әнші Ақбота Керімбекова 30 жылда алғаш рет мемлекеттік наградамен марапатталғаны хабарланған еді. Өнер иесіне «Парасат» орденін Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады. Марапат «Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» арналған салтанатты жиында Президенттің Жарлығымен берілді.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →