Аян Өтепберген Испаниядағы кинофестивальде «Үздік актер» атанды
Қазақстандық актер Аян Өтепберген Испанияның Тенерифе аралында өткен X Isla Calavera кинофестивалінде «Ауру» фильміндегі рөлі үшін «Үздік актер» жүлдесін алды.
Сурет: turkystan.kz
Испанияның Тенерифе аралында өткен X Isla Calavera халықаралық фантастикалық кинофестивалінде қазақстандық театр және кино актері Аян Өтепберген «Үздік актер» жүлдесін жеңіп алды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Актер бұл марапатқа «Ауру» (Sicko) фильміндегі рөлі үшін ие болды. Аталған жүлде Джек Тейлор атындағы үздік актер марапаты ретінде табысталды. Фестиваль қорытындысы бойынша картина үш аталымда — «Үздік толықметражды фильм», «Үздік актер» және «Үздік костюм» — бірдей жүлдені иеленді.
Қазылар алқасы Аян Өтепбергеннің актерлік шеберлігін жоғары бағалап, оның қара юмор мен драманы шебер ұштастырып, кейіпкердің шарасыз күйін әсерлі әрі нанымды жеткізгенін атап өтті.
Isla Calavera — Канар аралдарындағы Ла-Лагуна қаласында жыл сайын өтетін халықаралық фантастикалық кинофестиваль. Биыл оныншы рет ұйымдастырылған фестиваль 6-15 қараша аралығында өтті.
Аян Өтепберген қазіргі уақытта Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрында қызмет етеді. Оның бұл жетістігі қазақстандық кино өнерінің халықаралық деңгейде танылуына үлес қосты.
