Амангелді Құрмет Қазақстан мен Түркия байланысының бір қырына назар аударды (ВИДЕО)
Фото: видеодан скрин
Медиа сарапшы, журналист Амангелді Құрмет журналист Жамбыл Зейноллаға берген сұхбатында Қазақстанның сыртқы саясаты, Түркиямен байланысы, Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына бақылаушы болу туралы ұсынысы және елдегі сепаратизм мәселелері жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Сұхбатта Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға жасаған ресми сапары да сөз болды. Амангелді Құрметтің айтуынша, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстан басшысын өзі қарсы алуы екі ел арасындағы қарым-қатынасқа көрсетілген ерекше ілтипатты аңғартады. Сапар аясында тараптар кеңейтілген құрамда кездесіп, бір-бірін Республика күнімен құттықтаған.
Журналист Түркияның Қорғаныс өнеркәсібі басқармасының басшысы әлеуметтік желіде Қазақстанмен осы саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін жазғанына да назар аударды. Құрметтің пайымынша, бұл жазба келіссөздерде қорғаныс өнеркәсібі тақырыбы қозғалған болуы мүмкін екенін көрсетеді.
«Қорғаныс өнеркәсібі саласына жауапты басшы осындай ақпаратты сыртқа шығарып отырған болса, келіссөз барысында екі мемлекет арасында бұл туралы сөз қозғалуы мүмкін. Делегация өкілдері осы мәселені пысықтады деп ойлаймын», – деді ол.
Сонымен бірге журналист Қазақстан тарапының мұндай келіссөздер туралы ашық айта бермейтінін атап өтті. Оның сөзінше, бұған аймақтағы саяси жағдай мен көрші елдердің реакциясы әсер етуі мүмкін.
«Біз жақ оны айта бермейді, себебі “үй артында кісі бар” дейді. Жылт еткен жақсылыққа улап-шулап қарайтын көрші мемлекеттер бар. Оны көрермендер біліп отыр», – деді Амангелді Құрмет.
