Ташкентте жарысқа келген Қарағандылық 15 жас футболшы ауруханаға түсті
Фото: Instagram denski_blog
Өзбекстанның Ташкент қаласына спорттық жарысқа барған Қарағандының 15 жас футболшысы бір мезетте ауырып қалды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Блогер Денис Денскидің мәліметінше, оқиға 31 қазанда болған. Ташкенттегі қонақүйлердің бірінде таңғы ас ішкеннен кейін балалар мен ересектердің іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Бір тәуліктің ішінде 15 футболшының денсаулығы сыр берген.
Ата-аналардың айтуынша, таңғы ас кезінде жұмыртқа жемеген сегіз баланың ешқайсысы ауырмаған. Осы жағдай олардың күдігін күшейткен.
Кейін блогер жергілікті дәрігерлер балаларға алдын ала «улану» диагнозын қойғанын жеткізді. Ата-аналар медицина қызметкерімен болған әңгімені видеоға да түсіріп алған.
Дегенмен зертханалық сараптама қорытындысы әлі шықпағандықтан, балалардың нақты неден ауырғаны белгісіз. Блогердің сөзінше, жағдайға Қазақстанның Ташкенттегі консулы да араласқан.
Қазір ата-аналар тексеру нәтижесін күтіп отыр. Олар оқиғаның толық зерттеліп, балаларға қажетті медициналық көмек көрсетілуін талап етеді.
