Түркістан облысында нөмірін жасырған жүргізуші 5 тәулікке қамалды
Түркістан облысында айыппұлдан жалтармақ болып көлік нөмірін жасырған жүргізуші 5 тәулікке қамалып, бір жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
Сурет: Polisia.kz
Түркістан облысында айыппұлдан құтылу үшін көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін шүберекпен әдейі жасырған жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Бұл құқық бұзушылық Шымкент – Самара тасжолында тіркеліп, оны жедел басқару орталығының қызметкерлері анықтаған.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Сарыағаштан Түркістанға қарай Toyota көлігімен келе жатқан жүргізушінің Шымкент қаласының 25 жастағы тұрғыны екені белгілі болды. Жинақталған материалдар сотқа жолданып, ол кінәлі деп танылды. Сот шешімімен жүргізуші бір жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Сонымен қатар оның жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін алты рет бұзғаны анықталды.
Түркістан облысында полицейлер заманауи бақылау жүйелерінің көмегімен жолдағы құқық бұзушылықтарды анықтап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.
