Балқашта жаңа мыс қорыту зауыты салынады: Олжас Бектенов «Қазақмыстың» инвестициялық жоспарларымен танысты
Олжас Бектенов «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс қорыту зауытының жұмысымен және Балқашта жаңа мыс қорыту зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарларымен танысты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
«Қазақмыс» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлi кәсіпорынның өндірістік қызметі, жаңғырту бағдарламасы және даму жоспарлары туралы баяндады. 1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан металлургиялық кешен Қазақстандағы барлық катодты мыс өндірісінің шамамен 51%-ын қамтамасыз етеді. Балқаш мыс қорыту зауытының жобалық қуаты жылына 220 мың тонна катодты мыс, 1,1 млн тонна күкірт қышқылын, 10 тонна алтын және 400 тонна күмісті құрайды.
Биыл «Қазақмыс» жалпы құны 21,8 млрд теңге болатын зауытты жаңғырту бойынша ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруда. Бағдарлама аясында металлургиялық жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізу, өндірістік инфрақұрылымды жаңарту және технологиялық процестердің сенімділігін арттыру көзделген. «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабеловтың айтуынша, қазіргі уақытта құны 5 млрд теңгеден асатын №1 Ванюков пешіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 2027 жылға құны 5,4 млрд теңгеден асатын №2 Ванюков пешін жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар анод пештері, конвертерлер, күкірт қышқылы цехының жабдықтары мен өндірістік инфрақұрылым жаңартылуда.
Премьер-министрге Балқашта жаңа мыс қорыту зауытының жобасы таныстырылды. Жоба Қазақстанда мыс өндіру көлемін жылына 800 мың тоннадан астамға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл Мемлекет басшысының терең өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес келеді.
Жоба Үкімет мақұлдаған инвестициялар туралы келісім аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Qazaq Smelter» ЖШС арасында жүзеге асырылуда. Жеке инвестициялар көлемі – 750 млрд теңге. Жобалық қуаты жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын және 1,5 млн тонна күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік береді. Құрылысты 2027 жылы бастап, зауытты 2030 жылы іске қосу жоспарланған. Жоба 1,2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейді. Кәсіпорын іске қосылған кезде қызметкерлердің 90%-ы қазақстандық мамандарды құрайтын болады, кейіннен одан әрі арттырылады.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, жоба заманауи балқыту агрегаттары, жаңа электролиз және бағалы металдар өндірісі цехтары, сондай-ақ шлактарды өңдеуге арналған жеке учаскесі бар жаңа буын зауытын салуды көздейді. Технология 98%-ға дейін мыс алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Балқаш мыс қорыту зауытымен салыстырғанда шығарындылар көлемін жылына 60 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін айтарлықтай азайту қамтамасыз етіледі.
Премьер-министр мемлекеттік органдарға жаңа мыс қорыту зауытын белгіленген мерзімде пайдалануға беруді қамтамасыз ету үшін қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
