Алматыда қызметін асыра пайдаланған жеке сот орындаушысы сотталды
Алматы қаласының прокуратурасы борышкерлердің банк шоттарына қойылған тыйымдарды заңсыз алып тастаған жеке сот орындаушыларын қылмыстық жауаптылыққа тарту тәжірибесі қолданысқа енгізілуде.
Наурызбай ауданының прокуратурасы жеке сот орындаушысы А.-ның борышкердің банк шоттарына бұрын қойылған тыйымдарды заңсыз алып тастау фактісін анықтады. Аталған әрекеттің салдарынан борышкер ақшалай қаражатына заңсыз өз бетінше билік еткен. Нәтижесінде өндіріп алушыға өндіріп алынуға тиіс 35,6 млн теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражат төленбеген.
— Аталған факт бойынша Әуезов аудандық соты айыптау үкімін шығарды. Сот үкімімен жеке сот орындаушысы А. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 251-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты, яғни жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды, — делінген прокуратураның мәлімдемесінде.
Оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ
