Негізгі мазмұнға өту
Жұма, 18 қыркүйек 2026 $ 449,5 518,8 5,34
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Балқашта оқушылар терезеден балконға өтпек болған

    Балқаш қаласында екі оқушының көпқабатты үйдің төртінші қабатындағы терезеден балконға өтуге әрекеттенгені видеоға түсіп, полиция түсініктеме берді.

    Балқашта оқушылар терезеден балконға өтпек болған

    Сурет: видеодан скриншот

    Балқаш қаласында екі мектеп оқушысы көпқабатты үйдің төртінші қабатындағы терезеден балконға өтуге әрекеттенген сәті бейнежазбаға түсіп қалды. Қауіпті қылық әлеуметтік желіде тарап кетті, кейін полиция оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Желіге жарияланған кадрларда кішкентай қыздардың бір бөлменің терезесінен шығып, төртінші қабаттағы балконға өтуге әрекеттеніп жатқаны көрінеді.

    Бейнежазбаны түсірген әйел балалардың әрекетіне алаңдаушылық танытқан.

    «Бұл не деген сұмдық? Ата-анасы қайда қарап отыр? Кім баласын таныды, шұғыл шара қолданыңыздар», – дейді кадр сыртындағы әйел.

    Кейін оқиға туралы ақпарат Балқаш қалалық полициясына жеткен. Тәртіп сақшылары балалардың кім екенін анықтады.

    Полиция мәліметінше, олар қаладағы мектептердің бірінде оқитын 8 жастағы үшінші сынып оқушылары болып шыққан. Қыздар пәтер ішінде өздеріне ешқандай қауіп төнбегенін, ал терезеден балконға өтуді тек ермек үшін жасағандарын түсіндірген.

    Оқиғадан кейін балалардың ата-аналары бала тәрбиесі мен оларды бақылау жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    Сонымен қатар полиция қызметкерлері оқушылармен профилактикалық әңгіме өткізіп, мұндай әрекеттің өмірге қаншалықты қауіпті екенін түсіндірді.

    Құқық қорғау органдары ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыруға шақырды.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →