Алматыда электрвелосипед мінген курьер жол апатына себеп болды
Алматыдағы Сайын көшесінде электрвелосипед мінген курьер бас киімін көтеру үшін тоқтап, жол-көлік оқиғасына себеп болды. Полиция бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеп, мән-жайды анықтап жатыр.
Фото: Видеодан скрин
Алматыдағы Сайын көшесінде электрвелосипед мінген курьер қауіпті жол-көлік оқиғасына себепкер болды. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі мәлімдеді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Алматы полициясының дерегінше, оқиғаның себебін анықтауға бейнебақылау камераларынан түсірілген жазбалар септігін тигізген.

Кадрларда электрвелосипед жүргізушісінің қозғалыс барысында бас киімін түсіріп алып, оны көтеру үшін тоқтағаны байқалады.
«Оның соңынан көліктер легі де тоқтайды. Осы тұста су таситын көлік жүргізушісі тежеп үлгермей, соқтығысуды болдырмау үшін көлігін бір жаққа бұрып, металл қоршауға соғылған. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ», – делінген полиция хабарламасында.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Алматы полициясы бұл жағдай жолдағы ахуалдың санаулы секундта өзгеруі мүмкін екенін тағы бір еске салғанын атап өтті. Полиция жүргізушілерді арақашықтықты сақтап, алдағы көліктің күтпеген маневріне дайын болуға шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада электрсамокаттағы үш жасөспірім автобус астына түсе жаздағаны туралы жазған едік.
Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты.
