Пәкістанда туған күнінде атып өлтірілген TikTok жұлдызы: күдікті ұсталды
Пәкістан астанасы Исламабадта 17 жастағы TikTok жұлдызы Сана Юсаф туған күнінде атып өлтірілді. Күдікті 20 сағат ішінде ұсталды.
Фото: әлеуметтік желі
Пәкістанның астанасы Исламабадта 17 жастағы танымал TikTok жұлдызы Сана Юсаф туған күнінде өз үйінде атып өлтірілді. Оқиға оның әлеуметтік желіге соңғы видеосын жариялағаннан бірнеше сағат өткен соң болды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Сана Юсаф әлеуметтік желіде миллионнан астам жазылушысы бар контент авторы еді. Ол TikTok-та сән мен сұлулық тақырыбындағы видеоларды жариялап, туған өлкесі Читралдың дәстүрлі мәдениеті мен ұлттық киімдерін насихаттаған. Бұдан бөлек, ол қыздардың білім алуын қолдайтын жазбаларымен де танымал болған.
Сана 2025 жылғы 2 маусымда 17 жасқа толды. Сол күні ол достары мен жақындарының қоршауында туған күнін атап өтіп, торт кесіп жатқан сәтін әлеуметтік желіге жариялады. Бұл оның өміріндегі соңғы жарияланымдарының бірі болды. Алайда бірнеше сағаттан соң қарулы бөгде адам қыздың үйіне кіріп, оқ жаудырған. Полиция мәліметінше, Сана кеуде тұсынан екі оқ жарақатын алып, оқиға орнында қайтыс болды.
Қылмысқа күдікті ретінде 22 жастағы Умар Хаят ұсталды. Полиция оны қылмыстан кейін шамамен 20 сағат ішінде Фейсалабад қаласында қолға түсірген. Тергеу барысында бейнебақылау камераларының жазбалары, телефон деректері және басқа да дәлелдемелер пайдаланылды.
