Қарағанды облысында жөндеу кезінде екі теміржолшы токқа түсті
Қарағанды облысында электр пойызын жөндеу кезінде екі теміржолшы токқа түсіп, бірі ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Қылмыстық іс қозғалды.
Фото: Politico.kz
Қарағанды облысындағы Мойынты мен Киик станциялары арасында электр пойызын жөндеу кезінде екі теміржолшы қатты зардап шекті. Машинист пен оның көмекшісі электр тогының соғуынан жарақат алды, олардың біреуі қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Алдын ала болжам бойынша, пойыз қозғалыс кезінде электровозда ақау пайда болған. Машинист локомотивті ток көзінен ажыратып, ақауды өз бетінше жөндеуге кіріскен. Алайда жұмыс барысында оны ток соққан. Көмектесуге ұмтылған көмекшісі де электр разрядына ұшыраған.
Оқиға туралы көмекші басшылыққа хабарлаған. Зардап шеккен екі теміржолшы қарсы бағытта келе жатқан электровозға отырғызылып, Мойынты станциясына жеткізілген. Туыстарының айтуынша, оқиға орнына жедел жәрдем шақырылмаған. Кейін олар Балқаштан келген пойызбен Ағадыр станциясына жеткізілген. Туыстарының сөзінше, ер адамдар біраз уақыт пойыздың тамбурында болған, ал медициналық көмек дереу көрсетілмеген.
Ағадырда күйік бөлімшесі болмағандықтан, зардап шеккендер қажетті емді уақытында ала алмаған. Кейін олар Қарағандыдағы облыстық медициналық мекемеге жеткізілді. Нәтижесінде машинист денесінің шамамен 50 пайызын күйік шалған ауыр жарақат алған. Оның көмекшісінің денесінің шамамен 10 пайызы күйген. Қазір зардап шеккендердің бірі жансақтау бөлімінде жатыр.
Зардап шеккендердің жақындары оқиғаның уақытында тіркелмегеніне наразылық білдіріп, жауапты тұлғалардың әрекетін тексеруді талап етуде. Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу барысында еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылған-бұзылмағаны анықталады.
«Қарағанды-Сұрыптау» станциясындағы көліктегі полиция басқармасының мәліметінше, еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» компаниясы да қызметтік тексеру бастаған. Тергеу қорытындысы бойынша оқиғаның нақты себептері мен оған кінәлі тұлғалар анықталуы тиіс.
