Дж. Шетти: теледидар алдындағы ортақ демалыс отбасылық өмірді іштей жегідей жейді
Джей Шетти теледидар алдындағы ортақ демалысты отбасылық өмірді іштей жегідей жейтін үнсіз жау деп атады. Сарапшылар мен зерттеулер бұл пікірді қалай бағалайды?
Сурет: ЖИ
Бүгінде көптеген отбасы жұмыстан шаршап келген соң әрқайсысы өз смартфонына үңіліп, жеке демалғанды қалайды. Ал бір диванда қатар отырып, теледидар немесе сериал көруді ерекше романтикалық сәт деп санайды. Ерлі-зайыптылар жеке фильм көретін отбасылық кино кештерін өткізеді. Бір қарағанда бұл отбасының бірге жақсы уақыт өткізуі сияқты көрінгенімен, сарапшылар мен психологтар бұл әдетке басқаша баға береді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Британдық жазушы, өмірлік коуч және танымал подкастер Джей Шетти өз бағдарламасында экран алдындағы мұндай ортақ демалысты «отбасылық өмірді іштей жегідей жейтін үнсіз жау» деп атады.
«Жақындықтың ең төменгі деңгейі»
Джей Шеттидің пайымдауынша, теледидарды бірге тамашалау сүйікті адамыңмен қарым-қатынас орнатудың ең төменгі түрі. Ол: «Егер сіз жубайыңызбен жылына 200 сағат теледидар қарайтын болсаңыз, бұл сіздерді бір-бірлеріңізге бұрынғыдан жақынырақ етпейді. Бұл – ойға келетін ең төменгі деңгейдегі көңіл көтеру түрі, алайда жұптардың көбі дәл осылай уақыт өткізеді. Егер қарым-қатынаста тек теледидармен шектелсеңіздер, некелеріңіз тоқырауға ұшырап қана қоймай, жайлап, бірақ сөзсіз ыдырай бастайды. Бір күні бәрі күйрегенде, бұған не себеп болғанын ешкім де түсінбей қалады», – дейді.
Сарапшының пікірінше, экранға телмірген екі адам бір бөлмеде отырғанымен, бір-бірімен пікір алыспайды, эмоция бөліспейді және ішкі дүниесін ашпайды. Нәтижесінде «қатар өмір сүру» бар, бірақ шынайы «ішкі жақындық» жоғалады.
Бұған көрермен не дейді?
Шеттидің бұл мәлімдемесі ғаламторда қызу талқылау тудырды. Оқырман мен көрермен пікірі екіге жарылды. Қарсы шығушылар біршама. Көптеген отбасылар бұл пікірмен келіспейтінін білдірді. Өмірдің қарбалас ырғағында, жұмыс пен күйбең тіршіліктен кейін еш ойланбастан фильм көрудің өзі үлкен демалыс екенін айтады. «Біз күні бойы шапқылаймыз, ал кешке бірге отырып сериал көру біз үшін нағыз ләззат. Сондай-ақ, жақсы шоуды тамашалай отырып, күлуге, тамақ ішуге және болашақ жоспарларды талқылауға болады», – деп жазған желі қолданушыларының бірі.
Қолдаушылар да жоқ емес. Ал кейбір оқырмандар Шеттидің сөзін толық қуаттады. Сүйіктісімен бірге табиғатқа шығуды, серуендеуді, тамақ дайындауды ұнататындар кеш бойы экранға телміруден ешқандай пайда жоқ екенін атап өтті.
Бір диванда отырудың көрінбейтін романтикасы
Шеттидің сынына қарамастан, миллиондаған жұптар үшін бір диванда қатар отырып фильм немесе сериал тамашалаудың өзіндік терең романтикасы бар. Бұл дабыралы мейрамханалар мен ойын-сауық кештерінің көлеңкесінде қалатын, бірақ шынайылығымен баурайтын сәттер. Мұндай сәттердің ерекше болуының өз себептері де бар.
Маскасыз шынайылық. Сыртқа шыққанда адамдар сәнденіп, белгілі бір образ ұстануға тырысады. Ал үйде, ыңғайлы киіммен, иық тірестіріп отыру бір-біріңіздің алдында ешқандай боямасыз, ең жайлы әрі шынайы қалпыңызда қабылданудың белгісі.
Сөзсіз түсінісу. Экрандағы қызықты немесе күлкілі сәтте бір-біріңізге қарап жымию, қорқынышты көріністе серіктесіңіздің қолынан ұстау, қолтығына тығылу немесе жай ғана басыңызды оның иығына қою мың ауыз сөзден де тереңірек эмоционалды байланыс орнатады.
Ортақ эмоционалды кеңістік. Бір сюжетке бірге толқып, бір кейіпкер үшін бірге қуану немесе қайғыру ерлі-зайыптылардың ішкі әлемін жақындастыра түседі.
Тыныштықтағы жайлылық. Қарбалас өмірде, жұмыс пен күйбең тіршіліктен кейін сыртқы әлемді тоқтатып қойып, бір көрпенің астында қатар отыру сыртқы әлемнің шуынан тасаланып, өздеріңіздің кішкентай, жылы әрі қауіпсіз әлемдеріңізді құрудың ең қарапайым тәсілі.
Ғылыми зерттеулер бар ма?
Джей Шеттидің бұл сөзі тек жеке пікірі емес, оның артында ғылыми негіздер де бар. Айталық, Рочестер жеке зерттеу университетінің (АҚШ) клиникалық психология бойынша доценті Рон Рогге және өзге де зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, теледидарды тек пассивті түрде (диалогсыз) қарау ерлі-зайыптылар арасындағы байланысты біртіндеп әлсіретеді. Себебі экран адамның эмоционалды ресурсын тартып алады да, серіктесіне көңіл бөлуге энергия қалдырмайды.
Бір қызығы, Рон Рогженің 2013 жылғы зерттеуі басқа қорытындыға жетеледі: егер ерлі-зайыптылар фильмді жай ғана қарап қоймай, көріп болған соң ондағы кейіпкерлердің қарым-қатынасын бірге талқыласа, ажырасу қаупі 50%-ға азаяды екен. Талқылау арқылы олар өз мәселелерін жанама түрде сөз етіп, бір-бірін тереңірек түсіне бастайды.
«Алтын ортаны» қалай табуға болады?
Бұл зерттеулер мен пікірлерден шығатын түйін теледидардың өзі зиян емес, мәселе оны қалай пайдаланатынымызда. Отбасылық қарым-қатынасты сақтап, жақындай түсу үшін сарапшылар мынадай қарапайым ережелерді ұсынады:
1. Экранды «диалог құралына» айналдырыңыз. Фильм немесе шоу аяқталған соң кейіпкерлердің әрекетін, сюжетті талқылаңыздар. Бұл экран алдындағы уақытты белсенді қарым-қатынасқа айналдырады.
2. Экрансыз аймақтар мен уақыт белгілеңіз. Кешкі ас үстінде немесе ұйықтар алдындағы 30 минутта гаджеттер мен теледидарды өшіріп, тек бір-біріңіздің халыңызды сұрауды әдетке айналдырыңыз.
3. Жаңа ортақ іс табыңыз. Жаңа тағам дайындау, серуендеу, үстел ойындары немесе ортақ хобби эмоционалды байланысты экранға қарағанда әлдеқайда тез әрі берік қалыптастырады.
Ханбибі ОРАЛ
