Негізгі мазмұнға өту
Сәрсенбі, 2 қыркүйек 2026 $ 461,6 535,6 5,35
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Несие тарихы 5 жыл сақталады: мерзім қалай есептеледі

    Қазақстанда несие тарихы 5 жыл сақталады. Мерзімнің есептелу тәртібін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі түсіндірді.

    Несие тарихы 5 жыл сақталады: мерзім қалай есептеледі

    Фото: den-der.kz

    Қазақстанда қарыз алушының несие тарихындағы ақпарат кредиттік бюроларда 5 жыл сақталады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мерзімнің қай уақыттан бастап есептелетінін түсіндірді.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Әрбір қарыз алушының несие тарихы негізінде жеке кредиттік рейтинг қалыптасады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары жаңа несие беру туралы шешім қабылдағанда осы деректерді ескереді.

    «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» заңға сәйкес, қарыз алушы туралы ақпарат кредиттік бюроларда 5 жыл бойы сақталады. Алайда бұл мерзім несие рәсімделген күннен емес, қарыз алушы туралы соңғы ақпарат кредиттік бюроға түскен күннен бастап есептеледі.

    – Егер несие толығымен өтелсе, 5 жылдық мерзім банк немесе микроқаржы ұйымы берешектің жабылғаны туралы соңғы ақпаратты кредиттік бюроға жіберген күннен басталады. Ал қолданыстағы несие немесе мерзімі өткен берешек болса, қаржы ұйымы төлемдер мен қарыз туралы мәліметтерді жаңартып отырғандықтан, 5 жылдық мерзімді есептеу басталмайды. Сондықтан бұрынғы несиелер, оның ішінде уақытында төленген және мерзімі кешіктірілген қарыздар туралы ақпарат соңғы жазбадан кейін 5 жыл бойы кредиттік есепте көрсетіледі, – деп түсіндірді агенттік.

    Қазақстанда мұндай ақпаратты екі аккредиттелген ұйым жинап, сақтайды. Олар – Ұлттық банктің еншілес ұйымы «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ және жекеменшік «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС.

    Мемлекеттік кредиттік бюроға банктер, микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, коллекторлық агенттіктер және заңда көзделген басқа да ақпарат жеткізушілер мәлімет береді. Ал Бірінші кредиттік бюро қаржы ұйымдарымен шарт негізінде жұмыс істейді.

    Кредиттік бюролардағы барлық ақпарат құпия болып саналады. Азамат өзінің несие тарихын өзі көре алады, ал қаржы ұйымдары оған тек азаматтың ресми келісімімен қол жеткізе алады.

    Сонымен қатар әрбір қазақстандық күнтізбелік жылда бір рет өзінің дербес кредиттік есебін тегін алуға құқылы. Бұл құжатта рәсімделген несиелер мен қарыздар, сондай-ақ олардың уақытылы өтелуі туралы ақпарат көрсетіледі.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →