Негізгі мазмұнға өту
Дүйсенбі, 24 тамыз 2026 $ 457,6 534,8 5,53
  • Информационное сообщение
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Алматылық дзюдошы Әділжан Нұрбекен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды Педагогтерді аттестаттаудың жаңа тәртібі: 1 қыркүйектен бастап не өзгереді? Жалған дабыл мен шынайы дерт: қазақстандықтардың дерегі неге тәтті олжаға айналды? Дастан Сәтпаев жаңа клубтағы алғашқы матчын өткізді Елена Рыбакина WTA рейтингінде көшбасшылығын сақтап қалды Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауады: 24 тамызға арналған ауа райы болжамы Алматылық дзюдошы Әділжан Нұрбекен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды Педагогтерді аттестаттаудың жаңа тәртібі: 1 қыркүйектен бастап не өзгереді? Жалған дабыл мен шынайы дерт: қазақстандықтардың дерегі неге тәтті олжаға айналды? Дастан Сәтпаев жаңа клубтағы алғашқы матчын өткізді Елена Рыбакина WTA рейтингінде көшбасшылығын сақтап қалды Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауады: 24 тамызға арналған ауа райы болжамы

    Педагогтерді аттестаттаудың жаңа тәртібі: 1 қыркүйектен бастап не өзгереді?

    2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап педагогтерді аттестаттаудың жаңа пилоттық тәртібі енгізіледі. Кәсіби цифрлық бейін, ПББ рөлі және санаттардың сақталуы туралы толық ақпарат.

    Педагогтерді аттестаттаудың жаңа тәртібі: 1 қыркүйектен бастап не өзгереді?

    Сурет: baq.kz

    2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап педагогтерді аттестаттаудың жаңа тәсілдері пилоттық режимде енгізіледі. Енді мұғалімнің біліктілік санатын бағалауда кәсіби цифрлық бейіні, күнделікті жұмысының сапасы мен нақты нәтижелері ескеріледі, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

    Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттаудың жаңа тәртібіне қатысты ресми сауалымызға жауап берді. Министрліктің мәліметінше, ҚР Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 5 маусымдағы №159-НҚ бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап педагогтерді аттестаттаудан өткізу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылады. Бұйрық 2026 жылғы 1 тамыздан бастап күшіне еніп, 2026 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін қолданылады.

    Яғни бұл бүкіл 2026-2027 оқу жылына арналған тұрақты жаңа тәртіп емес. Пилоттық жоба аттестаттаудың жаңа тәсілдерін 2026 жылғы қыркүйек-желтоқсан аралығында сынақтан өткізуге бағытталған.

    Кімдер пилоттық жобаға қатысады?

    Пилоттық жобаға:

    • 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін педагогтердің білімін бағалауды (ПББ) бірінші рет тапсырып, мәлімделген біліктілік санаты бойынша шекті балл жинай алмаған, аттестаттауға жататын педагогтер;
    • пилоттық жоба іске қосылған кезде ПББ-ға тіркелген, бірақ тестілеуге кіріспеген немесе ПББ-ға тіркелмеген, кезекті не мерзімінен бұрын аттестаттауға жататын педагогтер қатысады.

    Аттестаттау қалай жүргізіледі?

    Жаңа пилоттық тәртіп бойынша аттестаттау «Ұстаз» ұлттық платформасында қалыптастырылатын педагогтің кәсіби цифрлық бейіні негізінде жүргізіледі. Кәсіби цифрлық бейінде педагогтің:

    • білімі;
    • еңбек өтілі;
    • біліктілік санаты;
    • біліктілікті арттыру курстарынан өтуі;
    • кәсіби жетістіктері;
    • педагогикалық қызметін бақылау нәтижелері;
    • білім алушылардың жетістіктері туралы мәліметтер жинақталады.

    Бұл ретте пилоттық жоба аясында эссе, авторлық бағдарлама және оқу-әдістемелік материалдарды міндетті түрде әзірлеп, ұсыну талап етілмейді. Негізгі назар педагогтің күнделікті жұмысының сапасы мен нақты кәсіби нәтижелеріне аударылады.

    ПББ нәтижесі негізгі өлшем болмайды

    Министрлік мәліметінше, пилоттық жоба аясында ПББ нәтижесі біліктілік санатын беру немесе растаудың негізгі өлшемі болып табылмайды. ПББ-ның бірінші мүмкіндігінде шекті балл жинай алмау педагогтің пилоттық жобаға қатысуына кедергі келтірмейді. Сондай-ақ бұл жағдай оның қолданыстағы біліктілік санатын автоматты түрде жоюға негіз болмайды.

    Аттестаттау комиссиясы педагогтің кәсіби цифрлық бейінін бірнеше негізгі бағыт бойынша бағалайды. Олардың қатарында сабақтарды жоспарлау және өткізу сапасы, білім алушылардың білім сапасы мен ілгерілеу динамикасы, педагогикалық қызметті бақылау нәтижелері, оқушылардың олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстар мен чемпионаттарға қатысуы және жетістіктері бар. Сонымен қатар педагогтің кәсіби конкурстарға қатысуы, педагогикалық тәжірибені жинақтауы және таратуы, шығармашылық, сараптамалық және жұмыс топтары мен жобаларға қатысуы, біліктілікті арттыру курстарынан өтуі де ескеріледі. Бұдан бөлек, жас педагогтер мен санаты төмен педагогтерді кәсіби сүйемелдеу және тәрбие жұмысын ұйымдастыру нәтижелері бағаланады.

    Министрлік білім алушылардың жетістіктері педагогті бағалаудың жалғыз көрсеткіші болмайтынын атап өтті. Олар педагогикалық қызметтің басқа нәтижелерімен бірге, мәлімделген санатқа сәйкес деңгейде есепке алынады. Жүлделі орынның болуы бағалау парағында қосымша баллмен ескеріледі. Ал мәлімделген санаттың жекелеген өлшемдеріне сәйкес келмейтін материалдарға балл берілмейді.

    Қолданыстағы біліктілік санаты сақтала ма?

    Пилоттық жобаның енгізілуі педагогтердің бұрын берілген біліктілік санаттарын автоматты түрде жоймайды және оларды мерзімінен бұрын қайта растауды талап етпейді. Қолданыстағы біліктілік санаты оның белгіленген қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.

    Аттестаттаудан өте алмаған жағдайда не болады?

    Пилоттық жоба аясында аттестаттау комиссиясы екі шешімнің бірін қабылдайды:

    • педагог мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келеді;
    • педагог мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келмейді.

    Кезекті растау кезінде педагог мәлімделген санатқа сәйкес келмеген жағдайда комиссия кәсіби цифрлық бейіндегі нақты дәлелдерге қарай оның қолданыстағы біліктілік санатын сақтай алады немесе төмен санат беру туралы шешім қабылдайды. Ал мерзімінен бұрын жоғары санатқа өтініш берген педагог мәлімделген санатқа сәйкес келмеген жағдайда оның қолданыстағы санаты мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.

    Пилоттық тәртіп бойынша комиссия шешімінен кейін сол кезең ішінде қайта аттестаттаудың жеке рәсімі қарастырылмаған. Педагог анықталған кемшіліктерді жойғаннан кейін келесі аттестаттау кезеңінде сол кезде қолданыста болатын тәртіпке сәйкес қайта өтініш бере алады.

    Біліктілік санаты жалақыға қалай әсер етеді?

    Жоғары біліктілік санаты педагогтің кәсіби құзыреттілігінің, оқыту сапасының, тәжірибе тарату және әріптестеріне кәсіби қолдау көрсету деңгейінің танылуын білдіреді. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында біліктілік санаты үшін лауазымдық айлықақыға мынадай мөлшерде қосымша ақы белгіленеді:

    • «педагог-модератор» – 30%;
    • «педагог-сарапшы» – 35%;
    • «педагог-зерттеуші» – 40%;
    • «педагог-шебер» – 50%.

    Бұл ретте педагогтің нақты жалақысы оқу жүктемесіне, еңбек өтіліне, білім деңгейіне, еңбек жағдайына және заңнамада көзделген өзге де үстемақыларға байланысты айқындалады.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →