«Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағы енгізілді
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Аида Балаева «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағының енгізілуіне байланысты пікір білдірді.
Сурет: turkystan.kz
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын қосу туралы шешімнің маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Министрдің айтуынша, бұл шешім – мәдениет пен өнердің қоғамдағы мәртебесін көтеруге және осы салаға өмірін арнаған азаматтардың еңбегін әділ бағалауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың жалғасы.
«Бүгін Президент мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдады. Мәдениет пен өнер саласы үшін маңызды әрі көптен күткен осынау шешім үшін еліміздің бүкіл мәдениет саласы өкілдері атынан Мемлекет басшысына шынайы алғысымды білдіремін!» – деп жазды ол.
Аида Балаева еліміздің мәдениет саласында 56 мыңнан астам маман еңбек ететінін, 85 театр, 286 музей, 67 концерттік ұйым және 3054 мәдени-демалыс ұйымы жұмыс істейтінін атап өтті. Оның сөзінше, бұл сандардың артында ұлттық мәдениеттің дамуына талмай еңбек етіп жүрген қаншама адамның қажырлы қызметі тұр. Олардың еселі еңбегі ұлттық өнерді өркендетіп, мәдени мұрамызды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге қызмет етіп келеді. Сондықтан мұндай еңбек мемлекеттік деңгейде лайықты бағалануға тиіс екені сөзсіз.
Министр бүгінгі шешімге жаңа Конституцияның қабылдануы да ерекше мән беретінін айтты. Оның сөзінше, тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау алғаш рет мемлекеттің негізгі қағидаттарының қатарына қосылып, конституциялық деңгейде бекітілді.
«Президент атап өткендей, енді мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті. Бұл норма қазірдің өзінде нақты мазмұнмен толығып келеді. Кейінгі бес жылда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есе өсті. Биылдан бастап өнер қайраткерлеріне берілетін мемлекеттік стипендиялардың көлемі де екі есе артты. Жыл сайын мұндай стипендияны 75 азамат алады», – деді ол.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қолдауымен мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне 260 пәтер берілген. Оның 200-і Астана қаласында болса, 60 пәтер Алматы қаласында табысталған. Биыл тек Мәдениет пен өнер қызметкерлері күніне орай мемлекеттік наградалармен жүзден астам әріптесі марапатталған.
«Мемлекеттік деңгейдегі бағалау жүйесі де кезең-кезеңімен жаңарып келеді. «Халық әртісі» құрметті атағы отыз жылдан кейін қайта жаңғыртылды. Енді бұл тізім «Шәмші Қалдаяқов» медалі және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағымен толықты», – деп атап өтті министр.
Аида Балаева Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль ұлттық музыканы, композиторлық пен орындаушылық өнерді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне берілетін жоғары баға болатынын айтты. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан суретшілердің, графиктердің, мүсіншілердің және басқа да бейнелеу өнері өкілдерінің еңбегін мемлекеттік деңгейде лайықты бағалауға мүмкіндік береді.
«Жаңа марапаттар – Президенттің мәдениет саласына деген айрықша назарын және өнер адамдарына жан-жақты қолдауын тағы бір дәлелдей түсетіндей. Бұл әріптестеріміздің көп жылғы шығармашылық еңбегінің лайықты бағасы болып, мәдениет саласының жаңа буынына тың серпін берері сөзсіз. Барша мәдениет саласы өкілдері атынан Мемлекет басшысына тағы да зор алғысымды білдіремін. Бұл – баршамыз үшін шын мәнінде үлкен оқиға. Мәдениет пен өнер адам жанын емдейді, рухани байытады, өмірді сүюге, жақсылық пен ізгілікке жетелейді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының мәдениетті дамытуға ерекше басымдық беріп отырғаны біз үшін зор қуаныш», – делінген жазбада.
