Негізгі мазмұнға өту
Дүйсенбі, 3 тамыз 2026 $ 473,7 546,1 5,97
  • Информационное сообщение
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Рахат Сәрсеновтің даулы ісі: журналист Руслан Өтепбай тергеу бастады

    60 жастағы жылқышы Рахат Сәрсеновтің жылқы ұрлады деген айыппен сотталуы мен ақталуы жайлы журналистік тергеуді Руслан Өтепбай бастады.

    Рахат Сәрсеновтің даулы ісі: журналист Руслан Өтепбай тергеу бастады

    Сурет: ozgeris.info

    Ақтөбе облысының тұрғыны, 60 жастағы Рахат Сәрсеновке қатысты қозғалған даулы іс журналист Руслан Өтепбайдың назарын аударды. Ол өзінің журналистік тергеуін бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

    Бір шаруашылықта 33 жыл бойы жылқышы болып еңбек еткен Рахат Сәрсеновке жылқы ұрлады деген айып тағылды. Бірінші сатыдағы сот оны 7,5 жылға бас бостандығынан айыруға бұйырды. Сот үкімі жарияланған күні ол залда қамауға алынып, екі айдан астам уақыт тергеу изоляторында отырды.

    Апелляциялық сатыда іс қайта қаралып, Сәрсенов толық ақталды және бірден босатылды.

    Істің мән-жайын анықтау үшін Руслан Өтепбай заңгермен бірге қарияның ауылына барып, оның қазіргі жағдайымен танысты. Журналистің айтуынша, Рахат Сәрсенов оларды көрген бойда көз жасына ерік берген. Денсаулығы сыр берген, 2025 жылы инсульт алған екен. Осындай денсаулық жағдайымен екі ай екі күн изоляторда отырған. Ең ауыр тигені – 60 жасымды түрмеде қарсы алдым деген сөзі болған. «33 жылын жылқы бағуға арнаған азаматқа тағылған айыптың қаншалықты негізді болғанын анықтау үшін журналистік зерттеуімізді бастадық», – деді ол.

    Рахат Сәрсенов – Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Сағашелі ауылының тұрғыны. Бірінші сатыдағы сот үкімі биыл 15 мамырда шыққан. Кейін апелляциялық сот оны толық ақтап, бостандыққа шығарған.

    Қарияның туыстары оған қатысты арыз оның инсульт алып, ауыр халде жатқан кезінде рәсімделгенін айтады. Олардың пікірінше, сол кезде ол денсаулығына байланысты қол қойған құжаттардың мазмұнын толық түсіне алмаған.

    Руслан Өтепбайдың сөзінше, журналистік зерттеу барысында осы істің барлық мән-жайы жан-жақты зерделенбек.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →