Туристерді көптеп тартуға тағы бір мұмкіндік. Алматы хайуанаттар бағында Стелла мен Айна есімді ақбөкендер лақтады. Бұл туралы қалалық Мәдениет басқармасының өкілдері айтты.
Ақбөкен (Saiga tatarica) – мұз дәуірінен бері жер бетінде сақталып келе жатқан жануарлар дүниесінің ең көне өкілдерінің бірі. Қазіргі таңда бұл сирек түр ерекше қорғауға алынып, табиғатты сақтау тұрғысынан маңызды мәртебеге ие.
Мамандардың айтуынша, жаңа туған лақтардың жағдайы жақсы. Олар өсіп-жетіліп, аналарынан бір елі ажыраған емес. Әзірге төлдер ана сүтімен қоректенуде, ал уақыт өте келе табиғи өсімдік тектес азыққа біртіндеп бейімделеді.
Алматы хайуанаттар бағы ақбөкендерді қолда өсіріп, тұрақты түрде төл алып отырған санаулы зоологиялық мекемелердің бірі. Мамандар мұны сирек кездесетін жануар түрін сақтауға және биологиялық алуандықты қорғауға бағытталған жұмыстың маңызды нәтижесі ретінде бағалайды.
Қазір лақтардың жасы шамамен бір айға таяған. Олар ветеринар мамандардың тұрақты бақылауында болып, жасына сай дамып келеді.
Бүгінде хайуанаттар бағына келушілер ақбөкеннің сүйкімді лақтарын көріп, қазақ даласының ең сирек жануарларының бірін тамашалай алады.
Фото: Алматы әкімдігі
