Басты бет » Степногорскідегі 165 баланың жеке деректері интернетке жария болып кетті

Степногорскідегі 165 баланың жеке деректері интернетке жария болып кетті

Фото: © istockphoto.com

Ақмола облысының Степногорск қаласында прокуратура кәмелетке толмаған балалардың жеке деректерінің интернетте заңсыз жарияланғанын анықтады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Степногорск прокуратурасының мәліметінше, кейбір мектептердің және қалалық білім бөлімінің сайттарында 165 кәмелетке толмаған баланың жеке деректері көрсетілген құжаттар ашық түрде жарияланған.

Прокуратура дерегіне сәйкес, құжаттарда балалардың тегі мен аты-жөні, қай оқу орнында білім алатыны және әлеуметтік мәртебесі туралы мәліметтер болған.

«Олардың қатарында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ қамқоршылықтағы балалар бар. Аталған мәліметтер еркін қолжетімді болып, олардың әрі қарай таралу қаупін тудырған», – деп атап өтті ведомство.

Қадағалау актісі негізінде анықталған заңбұзушылықтар жойылып, кәмелетке толмағандардың жеке деректері ашық қолжетімділіктен алынып тасталды.

«Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Балалардың құқықтарын қорғау және дербес деректер туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету жұмыстары қала прокуратурасының тұрақты бақылауында», – деп мәлімдеді Ақмола облысының прокуратурасы.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика