Басты бет » «Күйеуі бар, жағдайы жақсы»: Министр сәбиімен курьер болып жүрген әйелге пікір білдірді

«Күйеуі бар, жағдайы жақсы»: Министр сәбиімен курьер болып жүрген әйелге пікір білдірді

Фото: видеодан скриншот

Алматыда қолындағы сәбиімен курьер болып жұмыс істеген әйелге қатысты жаңа мәліметтер жария болды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.

Сенат кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қоғамда қызу талқыланған жағдайға байланысты пікір білдірді.

Министрдің айтуынша, арнайы жүргізілген тексеру барысында отбасының әлеуметтік жағдайы жөнінде тараған кейбір ақпараттардың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталған. Ведомство өкілдері аталған отбасының тұрмыс-тіршілігін зерделеп, әйелдің жұбайының ақпараттық технологиялар саласы бойынша жоғары білімі бар екенін, ал әйелдің арнаулы орта білім алғанын анықтаған.

Белгілі болғандай, отбасы Алматы қаласына 19 мамыр күні келген. Олар өз күштерімен күн көруге ниеттеніп, жаңа мүмкіндік іздеген. Әйелдің курьер болып тіркелгені рас болғанымен, жұбайының денсаулығына қатысты тараған мәліметтер расталмаған. Сонымен қатар ер адамның шамамен 2 миллион теңге көлемінде автонесиесі бар екені белгілі болды.

Министрдің сөзінше, отбасының материалдық жағдайын аса ауыр деп бағалауға негіз жоқ. Оның туған ағасы ломбард саласында жұмыс істейді, ал ата-анасының да тұрмыстық жағдайы жақсы.

Сонымен қатар Асқарбек Ертаев бұл оқиғаның басқа қырына назар аударды. Оның айтуынша, сәбиі бар әйелдің курьерлік қызметке қалай қабылданғаны және жұмысқа қандай талаптармен жіберілгені мәселесі зерттелуі тиіс.

«Платформалық жұмыспен қамту компанияларының жауапкершілігіне қатысты сұрақтар бар. Әйел қандай нұсқаулықтан өтті, қауіпсіздік талаптары қалай түсіндірілді және баламен бірге жұмыс істеуге қалай жол берілді деген мәселелерді анықтау қажет. Қазір компаниялар өз ұстанымдарын дайындап жатыр, біз олардың жауабын күтіп отырмыз», – деді министр.

Оның айтуынша, алдағы уақытта платформалық жұмыспен қамту сервистеріне азаматтарды тіркеу тәртібін жетілдіру мәселесі де қарастырылуы мүмкін.

Әлеуметтік желілерде Еңбек министрлігі бұл жағдайға кеш араласты деген пікірлер тарағанымен, министр мұнымен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, ведомство алғашқы ақпарат шыққан сәттен бастап тиісті жұмыстарды қолға алған.

«Әйелмен байланыс орнатқаннан кейін мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды. Сондай-ақ оның жұбайына IT саласындағы жоғары жалақы төленетін бірнеше бос жұмыс орны ұсынылды», – деді Ертаев.

 

Мақаланы бағалаңыз 👇

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика