Қасиетті мекен – «Талды» тарихи-археологиялық паркінде «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті: Ұлы даланың құпиялары – Талды» атты халықаралық симпозиум өтуде. Қарағанды облысында ұйымдастырылған ғылыми форумға Қазақстан, Түркия, Германия, Венгрия және Ресей ғалымдары қатысып, археологиялық мұраны сақтау мәселелерін, заманауи зерттеу әдістерін және халықаралық ынтымақтастықтың келешегін талқылауда.

 

Конференция өтетін орын ретінде «Талды» паркінің таңдалуы кездейсоқ емес. Мұнда өңірдегі ең танымал ескерткіштердің бірі – қола дәуіріне жататын бірегей археологиялық нысан Қаражартас пирамидасы орналасқан. Ғалымдар «Талды» кешенін Ұлы даланың бай тарихы мен мәдени мұрасын айғақтайтын маңызды ескерткіштердің бірі деп санайды.

 

Симпозиумның ашылуында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қазіргі заманда тарихи ескерткішті сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

 

— Бүгінде жасанды интеллект пен жаңа технологиялар өмірімізді қарқынды түрде өзгертіп жатыр. Алайда біздің кім екенімізді және тамырымыздың қайдан бастау алатынын түсінуге тек тарих көмектеседі. Өз өткенін ұмытпаған халық өзінің болмысын сақтап қалады. Егер Мысыр пирамидалары Ніл аңғары өркениетінің символына айналса, Сарыарқадағы сақ қорғандары Ұлы дала өркениетінің ауқымы мен тереңдігін әлемге танытты, — деді ол.

 

Форум аясындағы маңызды оқиғалардың бірі халықаралық ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою болды. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі Венгрияның ARC-heo art-REKO студиясымен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетімен меморандумдар жасасты.

 

Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізуге, тәжірибе алмасуға және тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

 

 

Симпозиум қонақтарына Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы,

 

Шет аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайы және Нұра аудандық тарихи-өлкетану мұражайы арнайы көрмелер ұсынды.

 

Сондай-ақ облыстың әр ауданынан келген қолөнершілер өз бұйымдарын көпшілік назарына шығарды.

 

Ғылыми бағдарламаның жарқын бөлігіне айналған садақ атудан өткен жарыстар қатысушыларға көшпелі мәдениеттің дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

 

Симпозиум жұмысы археология, антропология, палеоботаника және археометрия бағыттары бойынша тақырыптық секцияларда жалғасты.

 

Ғалымдар көне артефактілерді зерттеудің заманауи әдістерін, өткен дәуірлерде өмір сүрген адамдардың келбетін қалпына келтіру тәжірибесін және археологиялық олжалардың материалдарын зерделеу тәсілдерін таныстырды.

 

Сонымен қатар қатысушылар үшін археологиялық зерттеулердің ең жаңа әдістемелеріне арналған халықаралық семинар-тренинг ұйымдастырылды.