Фото: Қазақмыс
Оңтүстік Жезқазған кенішінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Р. Өскенәлі еңбек ұжымымен арнайы кездесу өткізді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Кеншілер жаңа басшылықтың өндіріс орнына арнайы келіп, жұмысшылармен ашық диалог ұйымдастырғанын оң бағалады. Олардың айтуынша, бұған дейін мұндай форматтағы тікелей кездесулер сирек өткен.
Кездесу барысында кәсіпорынның алдағы даму жоспары мен жаңа бастамалар таныстырылды. Атап айтқанда, өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін шикізат қорын кеңейтуге инвестиция тарту, жабдықтарды жаңғырту, экологиялық мәселелерді шешу мақсатында күкірт қышқылы зауытын салу, тұрғын үй, мәдени және рухани нысандарды дамыту бағытындағы жобалар сөз болды.
Сондай-ақ өндірістік қауіпсіздікті күшейту, еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік қолдау бағдарламаларын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Корпорация басшылығы жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта қолға алынатын жобалар туралы жан-жақты ақпарат берді. Көптеген жұмысшы үшін еңбек жағдайын жақсартуға, өндірісті жаңғыртуға және қызметкерлер мен олардың отбасыларына арналған әлеуметтік бағдарламаларды кеңейтуге қатысты қабылданған шешімдер тың жаңалық болды.
Кездесу барысында кеншілер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауап алды. Ашық әрі сындарлы форматта өткен пікір алмасу еңбек ұжымының үлкен қызығушылығын тудырды.
Өндірісті жаңғырту, еңбек қауіпсіздігін арттыру, жабдықтарды жаңарту және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған бастамалар жұмысшылар тарапынан оң қолдау тапты. Ұжымның бірқатар ұсыныстарды қошеметпен қарсы алуы компанияны басқарудағы жаңа тәсілдердің өңір тұрғындары мен еңбек адамдарының сұранысына сай екенін көрсетті.
Кездесу қорытындысында тараптар кәсіпорынды дамыту, өндірістік қауіпсіздікті арттыру және еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
«Қазақмыс» компаниялар тобы өндірісті жаңғырту, әлеуметтік жобаларды іске асыру және қызметкерлердің әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге асыруды жалғастырады.
View this post on Instagram
