Алматы қаласында 2026 жылғы жазғы маусым ауқымды фестивальдермен басталды. Жаздың алғашқы аптасында мыңдаған көрерменнің басын қосқан бірнеше ірі мәдени іс-шара өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Маусымның алғашқы ірі оқиғаларының бірі «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде өткен Beu Fest Almaty болды. Биыл бесінші рет ұйымдастырылған фестиваль сахнасында Ninety One, Қайрат Нұртас, Shiza, Ulukmanapo, Мирбек Атабеков сынды танымал орындаушылар өнер көрсетті. Сондай-ақ «Алатау» дәстүрлі өнер театры алаңында ашық аспан астында ALMATY SUMMER FEST жобасы тұсауын кесті. Бұл бастама қала тұрғындары үшін музыка мен интерактивті бағдарламаларды біріктірді.

Жаңа жобаның ерекшелігі – оның Алатау ауданында өткізілуі. Қалалық мәдениет басқармасының ақпаратынша, жаңа алаң аудан тұрғындарына ірі мәдени шараларға үйлерінің жанында қатысуға мүмкіндік береді. Жаз мезгілі бойы әр сенбі сайын бұл жерде танымал әртістер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен Open Air форматында концерттер өтіп тұрады.
Жаз басындағы тағы бір жарқын оқиға – этно және заманауи музыка жанкүйерлерін жинаған The Spirit of Tengri фестивалі болды. Кештің арнайы қонағы – атақты Enigma жобасының вокалисі Andru Donalds өнер көрсетті. Алдағы уақытта қала тұрғындары мен қонақтарын аты аңызға айналған Cirque du Soleil ұжымының «OVO» қойылымы күтіп тұр. «Алматы Арена» кешенінде өтетін шоуда көрермендер таңғажайып акробатикалық нөмірлерді тамашалай алады.

Айта кету керек, бүгінде ірі мәдени іс-шаралар Алматының әртүрлі аудандарында ұйымдастырылуда. Бұл тәсіл фестивальдер мен концерттерді қала тұрғындары үшін қолжетімді етіп, жергілікті инфрақұрылымның дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар мазмұнды бағдарлама мегаполистің туристік тартымдылығын арттырып, Қазақстанның басқа өңірлерінен және шет елдерден қонақтар тартады.
Ауқымды фестивальдерді өткізу «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» жалпыұлттық бастамаларының міндеттерімен де үндеседі. Іс-шаралар кезінде аумақтарды абаттандыруға, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға, сондай-ақ қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Бұл тұрғындар мен туристер үшін жайлы қалалық орта қалыптастырады.
Осылайша, Алматы өңірдің мәдени астанасы мәртебесін растай отырып, тұрғындар мен туристерге мазмұнды іс-шаралар бағдарламасын ұсынуда. Мегаполистегі жаз мезгілі жарқын әсерлерге, музыка мен ауқымды шоуларға толы маусымға айналып келеді.
