Қазақстанның IT-экспорты 1,1 млрд долларға жетіп, бес есе өсті

Қазақстанның IT-экспорты 1,1 млрд долларға жетіп, бес есе өсті

Қазақстанның IT-қызметтер мен цифрлық өнімдер экспорты 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,1 млрд доллардан асты. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш бес еседен астам өсіп, цифрлық секторды ел экономикасының жаңа драйверлерінің біріне айналдырды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленованың пікірінше, IT-қызметтер экспортының өсуі Қазақстанның экономикалық өсудің баламалы көздерін қалыптастыра бастағанын көрсетеді. Оның айтуынша, бұрын тар ауқымды бағыт саналған цифрлық экспорт бүгінде миллиардтаған валюталық түсім әкелетін толыққанды салаға айналып отыр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Astana Hub деректеріне сәйкес, 2020 жылы IT-экспорт көлемі 200 млн доллардан аз болса, 2025 жылы 1,1 млрд доллардан асып түсті. Сарапшы мұны экономика үшін маңызды құрылымдық өзгеріс деп бағалайды, себебі оның негізгі ресурсы – табиғи байлық емес, адами капитал, білім мен технологиялар.

Саида Тілеуленованың сөзінше, Қазақстан тек аутсорсинг қызметтерін ғана емес, сонымен қатар сұранысқа ие өнімдерді де экспорттайды. Олардың қатарында финтех-шешімдер, банктік бағдарламалық қамтамасыз ету, GovTech сервистері, мобильді қосымшалар, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер, деректер аналитикасы, киберқауіпсіздік, ойын және білім беру IT-өнімдері бар.

Бүгінде қазақстандық цифрлық сервистер әлемнің 100-ден астам еліне экспортталады. Негізгі нарықтар қатарында АҚШ, Ресей, Сингапур, Еуропа елдері, Таяу Шығыс және Орталық Азия мемлекеттері бар. Бұл Қазақстанға әлемдік экономикаға шикізатпен қатар технологиялар мен зияткерлік шешімдер жеткізушісі ретінде интеграциялануға жол ашады.

Сарапшы атап өткендей, IT-сектордың экспорттық түсімі цифрлық қызметтер импортынан екі еседен астам асып, оң сауда балансын қалыптастыруда. Шикізат экспортына қарағанда, IT-саласы әлемдік бағаның құбылуына тәуелділігі аз, тезірек ауқымдалады және бір қызметкерге шаққанда әлдеқайда жоғары қосылған құн жасайды.

Сонымен қатар цифрлық сектор инженерлер, әзірлеушілер, деректер талдаушылары мен киберқауіпсіздік мамандарына сұраныс тудырып, жаңа сапалы еңбек нарығын қалыптастырады. Дегенмен, сарапшы әзірге IT-экспорт шикізатты толық алмастыра алады деп айтуға ерте екенін ескертті.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика