Фото: Pixabay
Мальдив аралдарында су астындағы үңгірлерді зерттеу кезінде 5 Италия азаматы қаза тапты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Қайғылы оқиға туралы Мальдивтің туризм және азаматтық авиация министрі Мұхамед Амин әлеуметтік желідегі жазбасында мәлім етті.
Министрдің айтуынша, оқиға орнына жедел түрде іздестіру-құтқару топтары жұмылдырылған. Құтқару жұмыстарына тікұшақтар мен жылдам жүретін катерлер тартылған. Италияның Сыртқы істер министрлігі оқиғаны ресми түрде растады.
«Мальдивтегі Вааву атоллында аквалангпен су астына түскен экскурсия барысында бес Италия азаматы қаза тапты. Дайверлер 50 метр тереңдіктегі үңгірлерді зерттеу кезінде қайтыс болған», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Дипломатиялық өкілдік қаза болғандардың туыстарымен байланыс орнатқанын хабарлады. Оларға қажетті психологиялық барлық көмек көрсетілуде.
Оқиғаның егжей-тегжейлері тергеу мақсатында жарияланбайды.
