Әнұран шырқалғанда көз жасын тыя алмады: Надежда Рябец Азия чемпионы атанды

Қазақстандық боксшы Надежда Рябец Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, марапаттау рәсімінде көзіне жас алды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Спортшы 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында өзбекстандық Рухшона Парпиевамен жұдырықтасты. Айқын басымдықпен өткен жекпе-жекте төрешілер 5:0 есебімен жеңісті Надежда Рябецке берді.

Бұл – оның спорттық мансабындағы Азия чемпионатындағы алғашқы алтыны. Жекпе-жектен кейін боксшы финалдық кездесудің оңай болмағанын мойындады.

«Жекпе-жек оңай болды деп айта алмаймын. Біраз қиынға соқты. Бұрын айтқанымдай, қарсыласты бағаламауға болмайды. Шынымен, күрделі айқас болды. Маған сәл жеңілірек болады деп ойлағам. Бірақ рингке сәл босаңсып шыққан сияқтымын. Дегенмен, үш раундта да төрешілер жеңісті бізге беріп, чемпион атандық», — деді Рябец.

Барлық жекпе-жек аяқталған соң, жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті. Надежда Рябец жеңіс тұғырына көтеріліп, Қазақстанның әнұраны шырқалған кезде эмоциясын жасыра алмай, көз жасына ерік берді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика