Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Кипрде өтіп жатқан 2026 жылғы үміткерлер турнирінде екінші жеңісін тойлады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
22 жастағы спортшымыз оныншы турда қытайлық Чжу Цзиньэрмен кездесті. Ақ фигуралармен ойнаған Асаубаева бұл қарсыласын турнир барысында екінші мәрте жеңіп отыр.
Осылайша, қазақстандық шахматшының қоржынында бес ұпай бар. Ол бейтарап мәртебеде өнер көрсетіп жатқан ресейліктер Екатерина Лагно және Александра Горячкинамен бірге 4-6 орындарды бөлісіп тұр. Алты ұпай жинаған үндістандық Вайшали Рамешбабу көш бастап келеді. Одан кейінгі орындарда 5,5 ұпайдан еншілеген қытайлық Чжу мен украиналық Анна Музычук тұр.
Жарыста 10 сәуір демалыс күні болып белгіленді. 11 сәуірде өтетін 11-турда Асаубаева тағы бір қытайлық спортшы Тань Чжунъимен ойнайды. Бұған дейін төртінші турда өткен екі шахматшының кездесуі тең есеппен аяқталған болатын.
Фото: Әлеуметтік желіден
