Фото: марқұмның туыстарынан
Қаралы оқиға Ұлытау облысының Жәйрем кентінде тіркелді. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Қанды қылмыстан кейін ер адам өз-өзін өлтіруге әрекеттенген, қазір ол ауруханада жатыр. Сот күдіктіні қамауға алуға санкция берген. Емделуі аяқталған соң тергеу изоляторына жедел ауыстырылады.
– Қазіргі уақытта ол медициналық мекемеде тәулік бойы күзетпен ұсталып жатыр, – деп хабарлады Ұлытау облыстық полиция департаменті.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, әйел отбасын жалғыз өзі асыраған. Марқұмның жақын-жуықтары ер адамның еш жұмыс істемегенін, ішімдікке салынып, әйелге жиі тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткенін айтады.
Оқиға болған күні келіншек өз дүкенінде жүрген. Сағат 13:55 шамасында азаматтық некедегі күйеуі оған пышақпен шабуылдаған. Туыстары ер адамның әйелге шамамен 20 рет пышақ сұққанын және маңызды ағзаларын зақымдағанын жеткізді.
Ұлытау облысының полиция департаменті дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 5-бөлігі – «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір соталды тергеу жүргізілуде.
