Италия мен Түркия жағалауында заңсыз мигранттар мінген екі қайық апатқа ұшырап, 40-қа жуық адам қаза тапты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Алғашқы қайғылы оқиға Италияның Лампедуза аралы маңында болған. Бортында 77 мигранты бар кемеден 19 адамның денесі табылды. Аман қалған 58 адамның айтуынша, олардың көбі суықтан үсіп, жанармай буына уланып көз жұмған.
Екінші апат Түркияның Мугла провинциясының жағалауында тіркелді. Жағалау күзетінен қашпақ болған қайық аударылып, 19 адам суға кеткен. Олардың арасында бір бала бар.
Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, жыл басынан бері осы аймақта қаза тапқан босқындар саны 624 адамға жеткен.
Фото: Әлеуметтік желіден
