18 наурыз күні Қазақстанда ерекше мәнге ие мерекені — Ұлттық киім күнін атап өтеді. Бұл күн мәдени мұраға деген құрмет пен ұлттық құндылықты дәріптеудің айқын көрінісі, деп санайды QazaqToday.info ақпараттық порталы.
Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы қарсаңында Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұжымы бұл дәстүрді қолдап, жұмысқа ұлттық киіммен келді.
Таңертеңнен бері кеңседе мерекелік көңіл-күй орнады: нәзік кестемен көмкерілген әсем камзолдар, сәнді шапандар, ұлттық оюмен безендірілген тақиялар мен әшекейлер киім үлгісі ғана емес, халқымыздың тарихы мен мәдениеті қаншалықты бай екенін де паш етіп тұрды.
Қызметкерлердің әрқайсысының образы ерекше назар аудартты. Онда дәстүр мен осы заманғы стиль әдемі үйлесім тапқан. ӨКҚ-нің жетекші сарапшысы Ақбота Жанымхан қолдан тігілген жакетті таңдапты. Бұл киімді оның туған әпкесі небәрі бір кеште тігіп беріп, Ақботаға сыйға тартқан екен.
ӨКҚ басшысы Балсұлу Әлекенова маркетплейстен ерекше шапанды таңдап алып, оны алматылық шеберлердің бірі тіккен тақиямен толықтырған. Бұл образ дәстүрлі элементтердің қазіргі гардеробпен үйлесе кететінін көрсетті.
ӨКҚ қызметкері Бақтияр Рахманберді де бұл бастамадан тыс қалмады. Ол шапан мен тақия киіп келіп, мұндай киімді Наурыз мерекесінде ғана емес, күнделікті өмірде де киіп, ұлттық киімді насихаттап жүргенін айтты.
«Мұндай бастама мереке қарсаңында ғана қолға алынатын бір күндік акция ғана болып қалмай, осындай киімді күнде көрсек деген тілек бар. Сонда бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ұлттық өнерді дамуға ынталандырар еді. Жаңару мен бірліктің ұйытқысы болған Наурыз мейрамы құтты болсын!», -деді Алматы қалалық ӨКҚ ұжымы.
Фото: Алматы ӨКҚ
