Алматы облысы Қарасай ауданындағы жиһаз цехында болған өртті ТЖМ құтқарушылары ауыздықтады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бұлақты-2 ауылында орналасқан жиһаз цехындағы өрт туралы хабарлама 112 қызметіне келіп түскен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру бөлімшелері жедел штаб құрды.
Қауіпсіздік мақсатында аумақ қоршауға алынып, нысан ток көзінен ажыратылды. Сондай-ақ жарық мұнарасының көмегімен аумақ жарықтандырылды. Құтқарушылар оттың әрі қарай таралуына жол берген жоқ.
Төтенше оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардан 25 адам және 8 техника жұмылдырылды.
